Күн электр станциясы өндірген электр энергиясының артығын сатуға бола ма?
Иә. Нетто-тұтынушы шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектісі өндірген, өзінің тұтыну көлемінен асатын электр энергиясын заңнамада белгіленген тәртіппен сата алады.
ҚР Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 309 бұйрығымен бекітілген Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларының 4-тармағына сәйкес шағын ауқымды объектіні қосу және артық электр энергиясын сату үшін нетто-тұтынушы қосылуға дейін кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдарға хабарлама ұсынады.
Қағидалардың 11-тармағына сәйкес нетто-тұтынушы желіден тұтынған электр энергиясы үшін өзі желіге берген электр энергиясының көлемін ескере отырып ақы төлейді. Егер есептік кезеңде желіге берілген электр энергиясының көлемі желіден тұтынылған электр энергиясының көлемінен асып кетсе, энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушыға артық көлем үшін оның шекті бағасы бойынша ақы төлейді.
Қағидалардың 12-тармағына сәйкес артық көлем үшін төлем жеткізу жүзеге асырылған есептік айдан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде көзделген құжаттар негізінде жүргізіледі.