Банк пен мұрагерлер кредитке байланысты мәселені реттеуге тиіс болатын мерзім қарастырылған ба?
ҚР АК-нің 1072-2-бабына сәйкес мұраның ашылу күнінен бастап алты ай ішінде мұра қабылдануы мүмкін.
Мұра азаматтың қайтыс болуының немесе оны қайтыс болды деп жариялаудың болжамды күні ашылған жағдайда (ҚР АК-нің 1042-бабының 2-тармағы) мұра - мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін.
Егер мұрагерлік құқығы басқа адамдар үшін мұрагердің мұрадан бас тартуы, басқа мұрагердің мұраны қабылдамауы немесе ҚР АК-нің 1045-бабында белгіленген негіздер бойынша мұрагердің мұрадан аластатылуы салдарынан туындаса, мұндай адамдар мұраны оларда мұрагерлік құқығы туындаған күннен бастап алты ай ішінде қабылдай алады.
Бұл ретте заңнамада мұраны қабылдаудың өткізіп алған мерзімдерін қалпына келтіру тәртібі көзделген.
ҚР АК 1072-3-бабына сәйкес егер мұрагер бұл мерзімді дәлелді себептер бойынша өткізіп алған болса және мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған мұрагер бұл мерзімді өткізу себептері жойылғаннан кейін алты айдың ішінде сотқа жүгінген жағдайда, мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді (осы Кодекстің 1072-2-бабы) өткізіп алған мұрагердің өтініші бойынша сот бұл мерзімді қалпына келтіре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.
Мұрагер мұраны қабылдады деп танылған кезде сот барлық мұрагерлердің мұрагерлік мүліктегі үлестерін анықтайды және қажет болған жағдайда жаңа мұрагердің мұрадан өзіне тиесілі үлесін алу құқығын қорғау жөнінде шаралар белгілейді. Бұған дейін берілген мұраға құқық туралы куәліктерді сот жарамсыз деп таниды.
Осылайша, заңнамада қайтыс болған қарыз алушының берешегін өтеу туралы мәселені реттеу үшін арнайы мерзім белгіленбеген. Аталған мәселені қарау мерзімі мұраны қабылдауға, мұрагерлер тобын анықтауға, сот дауларының болуына және мұрагерлік құқықтарды ресімдеуге байланысты басқа жағдайларға байланысты болуы мүмкін.