Кредиттер бойынша борыш адам қайтыс болғаннан кейін мұрагерлерге ауыса ма?
ҚР Азаматтық кодексінің [1] 1040-бабының бірінші бөлігіне сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін.
Бұл ретте ҚР АК-нің 1040-бабының екінші бөлігінде мұра қалдырушының жеке басымен тығыз байланысты құқықтар мен міндеттердің толық тізбесі белгіленген, оған қайтыс болған адамның кредиттік міндеттемелері кірмейді.
Осыған байланысты қарыздарды төлеу бойынша міндеттемелер жалпы қағидалар бойынша мұраға қалдырылады.
ҚР АК-нің 1081-бабына сәйкес мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышқорлар ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы.
Егер мұра алған мұрагерлер мұраның құрамына кіретін мүлікті немесе оған құқықтарды тіркеуден жалтарған жағдайда, мұра қалдырушының кредиторлары мәжбүрлеп тіркеуді талап етуге құқылы.
Осылайша, мұра қалдырушының міндеттемелері мұрагерлерге қабылданған мұраның құны шегінде өтеді.
Мұра болмаған не мұра қабылданбаған жағдайда қайтыс болған адамның мұрагерлерінде оның қарыздарын төлеуге негіз жоқ.
[1] Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі