Сақтандыру омбудсманының шешімін орындау міндетті ме? Сақтандыру омбудсманының шешімін кім орындауға міндетті?
| Сақтандыру омбудсманы сақтанушы (сақтандырылған тұлға, пайда алушы) мен сақтандыру ұйымы арасында сақтандыру шарты бойынша туындайтын дауларды қарайды. Егер сақтанушы (сақтандырылған тұлға, пайда алушы) сақтандыру омбудсманының шешімін қабылдаса, мұндай шешім сақтандыру ұйымы үшін міндетті болады. Яғни сақтандыру ұйымы оны орындауға міндетті. Бұл ретте сақтанушы (сақтандырылған тұлға, пайда алушы) үшін омбудсманның шешімі міндетті болып табылмайды. Ол шешімді орындаудан бас тартып, өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы. Сақтанушының сақтандыру омбудсманының шешімімен келіскенінің өзі оның сотқа жүгіну құқығынан бас тартқанын білдірмейді. Заңнамада омбудсманның шешімін қабылдау сақтанушыны сот арқылы қорғау құқығынан айырады деген норма көзделмеген. Осылайша, сақтанушының сақтандыру омбудсманының шешімін қабылдағаны немесе онымен келіскені туралы белгі тек шешімнің қабылданғанын білдіреді және осыған байланысты сақтандыру ұйымы оны орындауға міндетті. Бұл ретте сақтанушының сотқа жүгіну құқығы сақталады. |