Қазақстан Республикасына кірмей, қазақстандық компаниямен жасалған еңбек шарты бойынша қашықтан жұмыс істейтін шетелдік қызметкерге рұқсат алу қажет пе?
Қазақстан Республикасында шетелдіктермен және азаматтығы жоқ, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын адамдармен еңбек шартын жасасуға жұмыс беруші жергілікті атқарушы органнан шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алғанға дейін жол берілмейді.
Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 279 бұйрығымен бекітілген.
Көрсетілген бұйрықтың 3-тармағына сәйкес, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу үшін жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыратын жері бойынша жергілікті атқарушы органға «электрондық үкімет» www.egov.kz, www.elicense веб-порталдары арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптар тізбесі) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш ұсынады (Қағидалардың 3-тармағы).
Рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім жұмыс берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы орган басшысының бұйрығы түрінде қабылданады (Қағидалардың 8-тармағы).
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің күші, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне, жұмыс берушілерге, сондай-ақ қабылдаушы тарапқа, оның ішінде есептік тіркеуден өткен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарына және (немесе) өкілдіктеріне қолданылады.
Осыған байланысты, егер шетелдік қызметкер қазақстандық жұмыс беруші үшін еңбек қызметін Қазақстан Республикасының аумағына кірмей, толығымен қашықтан жүзеге асыратын болса, оның еңбек қызметі Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылмайды.
Сондықтан мұндай жағдайда жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу талап етілмейді.