Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру тәртібіне қатысты сұрақ-жауаптар
1-сұрақ: Скрининг дегеніміз не және ол не үшін қажет?
Жауап: Скрининг - бұл шағымдары мен ауру белгілері жоқ адамдарға жүргізілетін профилактикалық тексеру. Ол аурулар мен қауіп факторларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, өйткені дәл осы кезеңде емдеу ең тиімді болады.
2-сұрақ: Скринингтік зерттеулерден өту міндетті ме?
Жауап: Иә. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 80-бабының 3) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті. Скринингтік зерттеулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға, дер кезінде емдеуді бастауға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.
3-сұрақ: Скринингтен өту үшін демалыс алуға кімнің құқығы бар?
Жауап: Әрбір жұмыскердің күнтізбелік жыл ішінде скринингтік зерттеулерден өту үшін жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, ұзақтығы үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс алуға құқығы бар.
4-сұрақ: Үш күндік демалысты бірден пайдалануға бола ма?
Жауап: Иә. Демалысты қажеттілікке қарай қатарынан да, жыл ішінде бөліп-бөліп те пайдалануға болады.
5-сұрақ: Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс қандай негізде беріледі?
Жауап: Скринингтік зерттеулерден өтуге шақыратын медициналық ұйымның SMS-хабарламасы, телефон қоңырауы немесе өзге де хабарламасы демалыс беруге негіз бола алады. Сонымен қатар, жұмыскер өз бастамасы бойынша да скринингтен өтуге жүгінуге құқылы.