103 нөмірі бойынша қоңырау шалынғаннан кейін жедел жәрдем қанша уақыт ішінде келуі тиіс?
Жедел медициналық жәрдемнің келу уақыты қоңырау шақыртуларының жеделдік санатына байланысты және 10-нан бастап 60 минутты құрайды.
103 нөміріне қоңырау келіп түскеннен кейін жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчері қоңырауды қабылдап, науқастың жай-күйі туралы қажетті ақпаратты нақтылайды және 5 минут ішінде қоңырау шақырту жеделдігінің санатын айқындайды.
Науқастың жай-күйінің ауырлығына байланысты қоңырау шақыртулары төрт санатқа бөлінеді:
- 1 жеделдік санаты - өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдай. Бригаданың келу уақыты – 10 минутқа дейін.
- 2 жеделдік санаты – өмірге әлеуетті қауіп төндіретін жағдай. Бригаданың келу уақыты – 15 минутқа дейін.
- 3 жеделдік санаты – денсаулыққа әлеуетті қауіп төндіретін жағдай . Бригаданың келу уақыты – 30 минутқа дейін.
- 4 жеделдік санаты – өмірге немесе денсаулыққа тікелей қауіп төндірмейтін жіті ауру немесе созылмалы аурудың өршуі. Бригаданың келу уақыты – 60 минутқа дейін.
1-3 санаттағы қоңыраулар шақыртуларға жедел медициналық жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымымен 4-санаттағы қоңырау шақыртулар жұмыс уақытында емханалардың мобильді бригадаларына берілуі мүмкін, келу уақытының нормативі сол қалпында 60 минутқа дейінгі уақытты құрайды.
Келу уақытының нормативі 103 нөмірін терген сәттен бастап емес, бригадаға диспетчермен қоңырау шақыртулардың берілу сәтінен бастап есептелетіндігін ескеру қажет.
Мысал
Адамда кенет инсульт белгілері біліне бастады: тілдің күрмеленуі, қолдың әлсіреуі және бет ассиметриясы. Бұндай қоңырау 1 жеделдік санатына жатқызылады, сондықтан жедел медициналық жәрдем бригадасы диспетчердің қоңырау шақыртуды берген сәтінен бастап 10 минут ішінде келуі тиіс.
Терминдерді түсіндіру
Қоңырау шақырту жеделдігінің санаты – науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер дәрежесі, ол медициналық көмектің көрсетілу тәртібі мен мерзімін қою үшін жедел медициналық жәрдем диспетчерімен айқындалады.
Жедел медициналық жәрдем станциясы (ЖМЖС) – 103 нөмірі бойынша тәулік бойы қоңыраулардың қабылданылуын қамтамасыз ететін және халыққа жедел медициналық жәрдем көрсететін медициналық ұйым.