Қандай жағдайларда жер учаскесі бөлінбейтін болып танылады?
Жер учаскесінің бөлінуі немесе бөлінбеуі нысаналы мақсатын өзгертпей және заңнама талаптарын бұзбай оны бөлу мүмкіндігіне қарай айқындалады. Жер учаскесінің бөлінуін немесе бөлінбейтіндігін жер учаскесінің орналасқан жері бойынша қала немесе аудан әкімдігіне хабарласу арқылы анықтауға болады.
Толық жауап
Жер учаскесінің бөлінуі немесе бөлінбеуі нысаналы мақсатын өзгертпей және заңнама талаптарын бұзбай оны бөлу мүмкіндігіне қарай айқындалады. Жер учаскесінің бөлінуін немесе бөлінбейтіндігін жер учаскесінің орналасқан жері бойынша қала немесе аудан әкімдігіне хабарласу арқылы анықтауға болады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 51-бабына сәйкес жер учаскесі бөлінетін және бөлінбейтін болуы мүмкін. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
Егер жер учаскесін нысаналы мақсатын өзгертпей немесе көрсетілген талаптарды бұзбай бөлу мүмкін болмаса, жер учаскесі бөлінбейтін болып танылады.
Жер учаскесiнiң бөлінетіндігі және бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.
Егер жер учаскесінің бөлінуін анықтау немесе өзгерту қажет болса, мемлекеттік қызметті алу үшін жер учаскесінің орналасқан жері бойынша қала немесе аудан әкімдігіне жүгіну қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды.
Маңызды
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін:
- «Жер учаскелерінің бөлінетіндігін және бөлінбейтіндігін айқындау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларымен белгіленген нысан бойынша өтініш;
- жер учаскесінің бөлінетін бөліктерінің және қолданыстағы құрылыстардың мөлшерін көрсете отырып, жер учаскесін бөлу схемасын;
- жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесін ұсыну қажет.
Қарау нәтижелері бойынша учаскені бөлінетін деп айқындау туралы шешім немесе уәжді бас тарту беріледі.
Мысал
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) қойма үй-жайларын орналастыруға арналған жер учаскесін бөлу мүмкіндігін анықтау қажет. Бұл үшін ЖШС жер учаскесі орналасқан орын бойынша әкімдікке өтініш және қажетті құжаттармен жүгінеді. Егер бөлгеннен кейін әрбір құрылған бөлік заңнама талаптарына сәйкес келсе, өзінің нысаналы мақсатын сақтап қалса және дербес жер учаскесі ретінде пайдаланылуы мүмкін болса, жер учаскесі бөлінеді деп тану туралы шешім қабылданады. Олай болмаған жағдайда, уәжді бас тарту беріледі. Жер учаскесі бөлінеді деп танылған жағдайда меншік иесі/жер пайдаланушы жобалау және іздестіру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға жерге орналастыру жобасын орындау үшін, бөлу жобасын орындау үшін жүгінуге құқылы.
Терминдердің түсіндірмесі
Бөлінетін жер учаскесі – нысаналы мақсатын өзгертпей және заңнама талаптарын бұзбай дербес жер учаскелеріне бөлуге болатын жер учаскесі.
Бөлінбейтін жер учаскесі – нысаналы мақсатын өзгертпей немесе заңнама талаптарын бұзбай бөлінуі мүмкін емес жер учаскесі.
Жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсаттары үшін қажетті жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат.