Егер азаматтың соттылығы балалармен жұмыс істеуге байланысты болмаса және сот үкімімен педагог ретінде еңбек қызметіне шектеу қойылмаса, білім беру ұйымы оны жұмысқа қабылдаудан бас тартуға құқылы ма?
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жұмысқа орналасу кезіндегі қандай да бір шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға немесе мемлекет тарапынан жоғары әлеуметтік және құқықтық қорғауды қажет ететін азаматтарды қорғауға негізделуі тиіс.
Қазақстан Республикасында еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға қатысты тыйымдар мен шектеулер ҚР Еңбек кодексінің 26-бабында белгіленген.
ҚР Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалыс және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер салаларындағы ұйымдарға адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халықтың денсаулығы мен имандылығына, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталған немесе соттылығы болған, сондай-ақ қылмыстық қудалауға тартылған немесе тартылып келген адамдарды жұмысқа қабылдауға тыйым салынады.
Бұл ретте, қылмыстық қудалау ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде тоқтатылған адамдар аталған шектеуден ерекшеленеді.
Көрсетілген талаптар кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ олардың моральдық-адамгершілік тәрбиесіне теріс ықпал етуі мүмкін факторлардың алдын алу мақсатында енгізілген.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жұмыс берушінің жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау және ұйымның кадр саясатын қалыптастыру мәселелері бойынша дербес шешім қабылдауға құқығы бар.
Осыған байланысты, егер азамат жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар жоғарыда аталған тізбеге кірмесе де, жұмыс беруші әрбір нақты жағдайда кандидаттарды белгілі бір лауазымға іріктеу мәселесін өз бетінше шешуге құқылы.