Қазақстандық компаниямен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін, бірақ Қазақстан Республикасына келмей қашықтан жұмыс істейтін шетелдік қызметкерге рұқсат алу қажет пе?
Қазақстан Республикасында шетелдіктермен және азаматтығы жоқ, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын адамдармен еңбек шартын жасасуға жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін жол берілмейді.
Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 279 бұйрығымен бекітілген.
Аталған Қағидалардың 3-тармағына сәйкес шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу үшін жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыратын жердегі жергілікті атқарушы органға «электрондық үкімет» www.egov.kz�, www.elicense веб-порталдары арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе рұқсатты ұзарту» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш ұсынады.
Рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім жұмыс берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы орган басшысының бұйрығы түрінде қабылданады (Қағидалардың 8-тармағы).
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің қолданысы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне, жұмыс берушілерге, сондай-ақ қабылдаушы тарапқа, оның ішінде есептік тіркеуден өткен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарына және (немесе) өкілдіктеріне қолданылады, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе.
Осыған байланысты, егер шетелдік жұмыскер Қазақстан Республикасының аумағына кірмей, қазақстандық жұмыс беруші үшін еңбек қызметін қашықтан, шетел мемлекетінің аумағында жүзеге асыратын болса, мұндай жағдайда Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту фактісі орын алмайды.
Демек, көрсетілген жағдайда жұмыс берушіге шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдау үшін жергілікті атқарушы органнан шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу талап етілмейді.
Бұл ретте еңбек қатынастарын рәсімдеу кезінде шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асырмайтыны және еңбек функцияларын Қазақстан Республикасынан тыс жерде қашықтан орындайтыны нақты көрсетілуі орынды.