Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерін субсидиялау және су үнемдеу суару технологияларын енгізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін субсидиялау функцияларын қандай мемлекеттік орган жүзеге асырады және тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша қайда жүгіну қажет?
2025 жылғы сәуір айынан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау функциясын Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі жүзеге асырады.
Аталған мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 24 маусымдағы №147-НҚ бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау қағидаларына сәйкес көрсетіледі.
Сонымен қатар, су үнемдеу суару технологияларын енгізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін субсидиялау да Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен жүзеге асырылады. Бұл шара Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 26 маусымдағы №153-НҚ бұйрығымен бекітілген Су үнемдеу суару технологияларын енгізуге бағытталған инвестициялық салымдар кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші шеккен шығындардың бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес іске асырылады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 35) тармақшасына сәйкес аталған мәселелер Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құзыретіне жатады.
Осыған байланысты көрсетілген субсидиялау түрлеріне қатысты барлық мәселелер бойынша, оның ішінде субсидия беру тәртібі, қатысу шарттары, осы мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу жөнінде Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне жүгінуді ұсынамыз.