Мәліметтерді алғаннан кейінгі салық органының әрекеттері:
Екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары іс-шараларды екі кезеңде жүзеге асырады:
- бірінші кезең – салық төлеушіні ақпараттандыру;
- екінші кезең – бақылау шаралары.
І. Салық төлеушіні ақпараттандыру жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына 100 және одан көп әртүрлі тұлғалардан ақшалай қаражат алғаны, көрсетілген кезеңдегі түсімдер сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асқандығы туралы «Салық төлеушінің кабинетіне» ақпараттық хабарлама жіберуден тұрады.
Егер тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлға болса, онда алынған табысты 2026 жылға арналған «Табыстар мен мүлік туралы декларацияда» (270.00-СЕН) 2027 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде көрсету және 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін жеке табыс салығын төлеу қажет.
Егер тұлға жеке кәсіпкер болса, онда алынған табысты келесі салық есептілігінде көрсету қажет:
- жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатындар үшін 2026 жылға арналған «Кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы жөніндегі декларацияда» (220.00-СЕН) 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін көрсетіп, 2027 жылғы 10 сәуірге дейін жеке табыс салығын төлеу қажет;
- оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатындар үшін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған «Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларацияда» (910.00-СЕН) 2026 жылғы 1 шілдеден 15 тамызға дейін көрсетіп, 2026 жылғы 25 тамызға дейін жеке табыс салығын төлеу қажет.
Салық төлеушіні ақпараттандыру жауап беруді талап етпейді.
ІІ. Бақылау шаралары салық органдарының ұсынылған салық есептілігі нысандарын зерделеу және талдау негізінде камералдық бақылау жүргізуін қамтиды.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жіберіледі.
Хабарламаны салық төлеуші ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде орындайды.
Хабарламаның орындалуы деп мыналар танылады:
-анықталған алшақтықтармен келіскен жағдайда – салық есептілігін ұсыну;
-анықталған алшақтықтармен келіспеген жағдайда – түсініктеме ұсыну.
Осылайша, камералдық бақылау хабарламалары Салық кодексіне сәйкес жоғарыда көрсетілген мерзімдерде ұсынылған декларацияларда алшақтықтар анықталған жағдайда жіберіледі.