Қысқа жауап:
Мәселе реттелді: ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Ресей Федерациясы Үкіметінің № 467 қаулысы қабылданды. Аталған қаулыға сәйкес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіби жүргізуші болып табылатын Грузия азаматтарының Ресей Федерациясында уақытша болу мерзімі бір күнтізбелік жыл ішінде 180 тәулікке дейін ұлғайтылады.
Толық жауап:
Қалыптасқан жағдайды жедел реттеу мақсатында Ресей тарапымен екіжақты деңгейде де, Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында да жедел келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, Министрлік Ресей тарапына халықаралық жүк және жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілерге қатысты Ресей Федерациясы аумағында уақытша болу мерзіміне қойылатын шектеулерді қолданбауды көздейтін Ресей Федерациясының заңнамасына өзгерістер енгізу арқылы аталған мәселені жүйелі негізде реттеуді ұсынды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Ресей Федерациясы Үкіметінің № 467 қаулысы қабылданды. Аталған қаулыға сәйкес, визасыз тәртіппен Ресей Федерациясына келген және халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіби жүргізушілер болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтарына, сондай-ақ Грузия азаматтарына Ресей Федерациясында уақытша болу мерзімін бір күнтізбелік жыл ішінде жиынтық түрде 180 тәулікке дейін ұзарту қарастырылған. Бұл ретте шетел азаматтары Ресей Федерациясына кіру және Ресей Федерациясында болу (тұру) мақсатында белгіленген тәртіппен өтініш беруі тиіс. Аталған қаулы ағымдағы жылдың 30 маусымынан бастап күшіне енеді.
Осылайша, бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ-қа мүше мемлекеттердің халықаралық жүргізушілерінің Ресей Федерациясы аумағында уақытша болуына қатысты мәселе реттелді.
Ресей Федерациясының 2002 жылғы 25 шілдедегі №115-ФЗ «Ресей Федерациясындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» Федералдық заңы(2024 жылғы 8 тамыздағы № 260-ФЗ Федералдық заңы редакциясында)
https://constitution.garant.ru/act/right/184755/
Ресей Федерациясы Үкіметінің 2026 жылғы 27 сәуірдегі № 467 қаулысы«Ресей Федерациясы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы № 1510 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» http://publication.pravo.gov.ru/document/0001202604280018