Қысқа жауап:
Егер көрсетілетін қызметтің сапасы шарт талаптарына сәйкес келмесе, тұтынушы байланыс операторына шағыммен жүгініп, кемшіліктерді жоюды немесе қызметтің тиісінше көрсетілмеген кезеңі үшін төлемге қайта есептеу жүргізуді талап етуге құқылы. Егер оператор кемшіліктерді жоймаса, онда шағым байланыс саласындағы уәкілетті органға – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жолданады.
Толық жауап:
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, қызметтің) тиісті сапасына құқығы белгіленген. Ұялы байланыс пен интернет қызметтерінің сапасы шарт талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тұтынушы байланыс операторына өтінішпен жүгінуге құқылы. Егер қызмет көрсетуші байланыс сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдамаса және тариф бойынша тиісті қайта есептеу жүргізбесе, тұтынушы байланыс саласындағы уәкілетті органға жүгінуге құқылы. Мысалы, тұтынушылардың өтініштері негізінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің бөлімшелері байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасына бақылау жүргізуге, сондай-ақ байланыс қызметтерінің сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. Ал егер байланыс операторы көрсетілген қызметтер үшін төлемге тиісті қайта есептеу жүргізбесе, тұтынушы материалдық және моральдық залалды өндіру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
КЕЙС:
Аудан орталықтарының бірінің тұрғыны мобильді интернет жылдамдығының тұрақты түрде төмен болуына байланысты байланыс операторына шағымданған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке арналған тарифке қосылғанына қарамастан, тұтынушы онлайн-сервистерді толыққанды пайдалана алмай, бейнеконференциялар өткізуге және қажетті файлдарды жүктеуге қиындықтарға тап болған. Тұтынушы бірнеше рет байланыс операторының қолдау қызметіне жүгінгенімен, мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмеген. Осыдан кейін ол көрсетілетін қызметтердің сапасына тексеру жүргізуді және қызметтер тиісті сапада көрсетілмеген кезең үшін абоненттік төлемді қайта есептеуді талап етіп, уәкілетті мемлекеттік органға өтініш жолдаған. Өтінішті қарау нәтижесінде байланыс операторы аталған елді мекенге қызмет көрсететін базалық станцияда техникалық ақаулардың бар екенін растаған. Тұтынушыға тиісті кезең үшін қызмет құнына қайта есептеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою мерзімдері туралы ақпарат берілген. Сонымен қатар, байланыс сапасының қанағаттанарлықсыз екендігі туралы ақпарат телекоммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға тиісті шаралар қабылдау және көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылау жүргізу үшін жолданған.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z100000274_