Қысқа жауап:
Квоталарды бөлу уәкілетті орган тарапынан сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың өтініштері негізінде, белгіленген квота көлемі шегінде және ол толық игерілгенге дейін тауарды демпингке қарсы бажды төлемей әкелуге лицензиялар беру арқылы жүзеге асырылады.
Толық жауап:
Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы бажды төлемей тауарларды әкелуге арналған сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағына, «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 5) тармақшасына, сондай-ақ нақты тауарға қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тиісті шешіміне сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық акт негізінде жүзеге асырылады.
Тауарды демпингке қарсы бажды төлемей әкелу сыртқы сауда қызметіне қатысушыда сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган берген лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады.
Лицензия алу үшін сыртқы сауда қызметіне қатысушылар сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 51-НҚ «Сауда қызметі саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20135 болып тіркелген) бекітілген «Жекелеген тауар түрлерінің импортына және (немесе) экспортына лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес тауар импортын жүзеге асыруға лицензия беру туралы өтініш береді. Нәтижесінде демпингке қарсы бажды төлемей тауар әкелуге арналған квота бөлінеді.
Квоталарды бөлу әрбір жекелеген тауар бойынша тиісті нормативтік құқықтық актіде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Лицензиялар өтініште көрсетілген тауар көлеміне, тиісті нормативтік құқықтық актімен көзделген ең жоғары көлем шегінде және белгіленген жылдық квота толық игерілгенге дейін беріледі.
Лицензияның қолданылу мерзімі ол берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.
Лицензия қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қайтарылған жағдайда, пайдаланылмаған квота көлемі сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында қайта бөлінеді.
Квотаны бөлу белгіленген көлем толық игерілгенге дейін жүзеге асырылады.
Мысал: демпингке қарсы бажды төлемей тауар әкелуге арналған жылдық квота 6 млн дана болып белгіленген. Сыртқы сауда қызметіне қатысушы 500 мың дана тауар импорттауға лицензия алу үшін өтініш береді. Квотаның бос көлемі болған жағдайда, уәкілетті орган мәлімделген көлемге лицензия береді. Квотаны бөлу белгіленген көлем толық игерілгенге дейін жалғасады.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №8 қосымша
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1400000240/z140240.htm
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1500000316