Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025 – 2040 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес 2028-2030 жылдары қуаты жылына 10 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытының (бұдан әрі - МӨЗ алдын-ала немесе толыққанды техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН)) әзірлеу, бұдан әрі 2030-2032 жылдары жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау және 2032-2040 жылдары құрылыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2026-2033 жылдары еліміздегі қайта өңдеу қуаттарын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізе отырып, қуаты жылына 10 млн.тонна жаңа МӨЗ-ді ТЭН, жобалау, салу және іске қосу бойынша жұмыстар көзделген.
Инвестициялар көлемі, қаржыландыру көздері, сондай-ақ шикізатты қамтамасыз ету мәселесі, технологиялық конфигурация және өнім желісі параметрлері жаңа МӨЗ салу жобасының ТЭН әзірлеу шеңберінде пысықталатын болады.
Сондай-ақ, тұжырымдама орта мерзімді перспективада ішкі нарықта мұнай өнімдерінің жетіспеушілігін шешу және жақын өңірлерге экспорттық әлеуетті дамытуды бастау қажеттілігін көздейді, бұл үшін орынды:
1) алдымен жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейту әлеуетін пайдалануға;
2) бұдан әрі жаңа МӨЗ салуға бастамашылық жасау.
Жұмыс істеп тұрған МӨЗ-ді кеңейту, оның ішінде Жаңа объектілерді жаңғырту және іске қосу-баптау тәжірибесі бар білікті кадрлар, жаңа жабдықтар мен материалдарды жеткізу және мұнай өнімдерінің үлкен көлемін тиеп-жөнелту үшін мұнай құбырларын, теміржол және автомобиль жолдарын қамтитын дамыған инфрақұрылым, беру эстакадалары және энергия ресурстарының көздері сияқты артықшылықтар есебінен орынды болып табылады.
Қазіргі уақытта мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн. тоннадан 27,7 млн. тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жобалар, оның ішінде:
Шымкент мұнай өңдеу зауыты - жылына 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға дейін;
Павлодар мұнай-химия зауыты - 2 кезеңде мұнай жылына 5,5 млн. тоннадан 9 млн. тоннаға дейін;
Атырау мұнай өңдеу зауыты-жылына 1,2 млн.тонна немесе шикізат бойынша жылына 5,5 млн. тоннадан 6,7 млн. тоннаға дейін өңдеу қуаттарын кеңейту жобалары есебінен іске асырылуда.