Ақтөбе қаласында отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жаңа бастама қолға алынды. Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен некеге дейінгі тегін оқыту курстары басталды. Жоба болашақ жұбайларды отбасылық өмірге саналы түрде дайындап, жас отбасылардың берік қарым-қатынас қалыптастыруына бағытталған.
Оқу бағдарламасы бес бағытты қамтиды: отбасындағы серіктестік пен жауапкершілік, репродуктивті денсаулық, құқықтық және қаржылық сауаттылық, эмоционалдық интеллект пен қарым-қатынас мәдениеті. Сабақтарды психологтар, кәсіби медиаторлар, акушер-гинекологтар және өзге де білікті мамандар жүргізеді.
Курстар барысында қатысушылар өзара түсіністікті арттыруды, отбасылық келіспеушіліктерді сындарлы шешуді және ортақ жауапкершілікті сезінуді үйренеді. Бағдарламаға некеге тұруды жоспарлаған жұптар мен отбасын құрғанына бес жыл толмаған жас отбасылар қатыса алады.
Сонымен қатар орталық жанынан аналарға арналған релаксация кабинеті ашылды. Мұнда әйелдердің эмоционалдық жағдайын жақсартуға, күйзелісті азайтып, психологиялық ресурстарын қалпына келтіруге жағдай жасалды. Кабинетте арт-терапия, медитация, музыка терапиясы, релаксациялық жаттығулар мен психологтың жеке кеңестері ұйымдастырылады.
Бұл бастамалар отбасы мәселелерінің алдын алып қана қоймай, аналардың жан тыныштығы мен психологиялық саулығын қолдауға бағытталған. Өйткені берік отбасының негізі – өзара құрмет, түсіністік және әр адамның амандығы.
Курсқа қатысу және толық ақпарат алу үшін: 8 702 692 82 65 нөміріне хабарласуға болады.