Шалқар ауданының тұрғыны Жұмағұл Жылқайдар Сағынғалиұлы қаржылық қиындықтарға байланысты «Жанұя» отбасын қолдау орталығына жүгініп, несиелік берешегін заң аясында шешуге көмек сұрады. Орталық мамандары азаматтың өтінішін назарға алып, мәселені шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізді.
Азаматтың өтініші негізінде орталықтың заңгер маманы оның жағдайын жан-жақты зерделеп, мерзімі өткен несиелік берешегіне қатысты құқықтық кеңес берді. Кездесу барысында мәселені заңнама аясында шешудің мүмкіндіктері мен банкроттық рәсімін қолдану тәртібі түсіндірілді.
Анықталғандай, азаматтың бес жылдан бері өтелмей келе жатқан несиелік берешегінің жалпы сомасы 1 225 893 (бір миллион екі жүз жиырма бес мың сегіз жүз тоқсан үш) теңгені құраған. Бұл – азамат үшін едәуір қаржылық ауыртпалыққа айналған мәселе еді.
Осыған байланысты орталық мамандары азаматтың қаржылық жағдайын, несиелік тарихын және берешекке қатысты мәліметтерді мұқият саралады. Несиелік тарихтағы ақпараттар тексеріліп, анықталған сәйкессіздіктер мен кемшіліктерді белгіленген тәртіппен түзету бағытында тиісті жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар қажетті құжаттар толық жинақталып, азаматтың атынан Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Шалқар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына өтініш жолданды.
Алты айға созылған қарау нәтижесінде азаматтың өтініші оң шешімін тауып, ол заңнамада белгіленген тәртіппен банкрот деп танылды. Соның нәтижесінде жеке сот орындаушысының өндірісіндегі іс қысқартылып, бұған дейін бұғатталған банктік есепшоттары бұғаттан босатылды.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының негізгі жұмысы өмірлік қиындықтарға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Орталық мамандары әрбір өтінішке жеке қарап, құқықтық кеңес берумен қатар, мәселенің заң аясында оң шешілуіне жан-жақты көмек көрсетеді.