
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВТЕРІ: КТС 3%, 6% НЕМЕСЕ 20% ҚАЙ КЕЗДЕ ТӨЛЕНЕДІ?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) сараланған мөлшерлемелері қолданылады.
Басты қағида: салық мөлшерлемесі кооперативтің мәртебесіне немесе ЭҚЖЖ кодына ғана емес, нақты жүзеге асыратын қызметіне және өнімнің шығу тегіне байланысты.
3%
Өз өнімі
6%
Кооператив қызметі
20%
Өзге қызмет
3% мөлшерлеме қашан қолданылады?
Егер кооператив ауыл шаруашылығы өнімін тікелей өзі өндірсе.
Мысалдар:
- Кооператив бидайды өзі өсіріп, жиналған өнімді сатады.
- Кооператив ірі қара мал өсіріп, өзі өсірген асыл тұқымды төлді өткізеді.
- Кооператив өз сүтін өндіріп, одан ірімшік, сары май немесе басқа сүт өнімдерін жасап, дайын өнімді сатады.
Негізгі шарт: ауыл шаруашылығы өнімі кооперативтің өз өндірісінен алынуы тиіс.
6% мөлшерлеме қашан қолданылады?
Егер ауыл шаруашылығы кооперативі Салық кодексінде көзделген, бірақ 3% мөлшерлемеге жатпайтын кооперативтік қызметті жүзеге асырса.
Мысалдар:
- Кооператив өз мүшелері өндірген сүтті сатып алып, оны қайта өңдеп, дайын өнімді сатады.
- Кооператив мүшелері өсірген астықты дайындайды, сақтайды және өткізеді.
- Кооператив өз мүшелеріне ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін зоотехникалық және басқа да қосалқы қызметтер көрсетеді.
- Кооператив өз мүшелеріне ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге және қайта өңдеуге қажетті тауарларды өткізеді.
Маңызды: кооператив мүшелерінен сатып алынған өнім кооперативтің өзі өндірген өнімі болып саналмайды. Сондықтан мұндай шикізатты қайта өңдеуден алынған кіріске 3% емес, тиісті талаптар сақталған жағдайда 6% мөлшерлеме қолданылады.
20% мөлшерлеме қашан қолданылады?
Егер кооператив 3% немесе 6% мөлшерлемелерін қолдану талаптарына сәйкес келмейтін өзге қызметтен кіріс алса.
Мысалдар:
- Кооператив өз мүшелері болып табылмайтын жеткізушілерден сүт сатып алып, оны қайта өңдейді және дайын өнімді дербес қызмет шеңберінде өткізеді.
- Кооператив бөгде ұйымдарға коммерциялық негізде зоотехникалық қызметтер көрсетеді.
- Кооператив Салық кодексінің 16-бабында көзделмеген дербес сауда немесе өзге қызметпен айналысады..
Мұндай операциялар бойынша мөлшерлеме қызметтің нақты сипатына және Салық кодексінің тиісті нормаларына сәйкес айқындалады.
Нақты мысалмен түсіндірейік!
«Береке» ауыл шаруашылығы кооперативі сүт өндірумен және қайта өңдеумен айналысады.
Өз сүті → ірімшік өндіру → сату
КТС — 3%
Кооператив мүшелерінің сүті → ірімшік өндіру → сату
КТС — 6%
Бөгде жеткізушілердің сүті → ірімшік өндіру → сату
КТС — 20%, егер қызмет төмендетілген мөлшерлемелерге жатпаса
Кооператив бір мезгілде бірнеше қызмет түрін жүзеге асырса ше?
Әртүрлі мөлшерлемелер бойынша салық салынатын қызмет түрлерінің бөлек салықтық есебін жүргізу қажет.
Яғни әрбір қызмет түрі бойынша тиісті кірістер мен шығыстар жеке есепке алынып, салық салынатын кіріс бөлек есептелуі тиіс.
Жиі кездесетін 3 қателік
1. Барлық ауыл шаруашылығы кооперативтерінің барлық кірісіне автоматты түрде 6% мөлшерлеме қолданылады деп есептеу.
2. Сүт кооператив мүшелерінен сатып алынғаны үшін ғана оны қайта өңдеуден түскен кіріске 3% мөлшерлеме қолдану.
3. Қызметтің нақты сипатын ескермей, тек ЭҚЖЖ кодына сүйену.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!
3% — өзі өндірген ауыл шаруашылығы өніміне және оны қайта өңдеуге.
6% — заңнамада көзделген кооперативтік қызметке.
20% — төмендетілген мөлшерлемелер қолданылмайтын өзге қызметке.
Салық есептілігін тапсыру кезінде қателіктерге жол бермеу үшін жарияланымды сақтап қойыңыз және басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бөлісіңіз!
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті
Құқықтық негіз: Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII Салық кодексінің 16, 211, 345 және 357-баптары.