
Құны жоғары жеңіл автомобильді сатып алу кезінде акциз төлеу қажет
2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексінде сатып алу құны тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 18 000 еселенген мөлшеріне тең немесе одан жоғары жеңіл автомобильдерге акциз салу көзделген.
Акцизді кім төлейді?
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 535-бабына сәйкес, Қазақстан аумағында осындай автомобильдерді сатып алатын жеке тұлғалар акциз төлеушілер болып танылады.
Бұл талап бұрын пайдаланылған автомобильдерге де қолданылады. Егер бұрынғы иесінен сатып алынған көлік құралының құны белгіленген шекке тең немесе одан жоғары болса, акциз төлеу міндеттемесі туындайды.
Акциз қалай есептеледі?
Салық кодексінің 537-бабына сәйкес, акциз мөлшерлемесі сатып алынған көлік құралы құнының 10%-ын құрайды.
Автомобиль Қазақстан Республикасының аумағында сатып алынған жағдайда, оның құны сатып алу-сату шартында немесе көлік құралын сатып алуға негіз болған өзге де келісімде көрсетілген баға бойынша айқындалады.
Автомобильді қайта сату кезінде акциз төлеу қажет пе?
Иә. Егер жаңа сатып алушы автомобильді белгіленген шекке тең немесе одан жоғары бағаға сатып алса, онда акциз төлеу бойынша жеке міндеттеме туындайды. Бұл ретте бұрынғы иесі төлеген акциз жаңа сатып алушының міндеттемесі есебіне жатқызылмайды.
Салық міндеттемелерін қандай мерзімде орындау қажет?
Жеке тұлға:
- автомобиль сатып алынған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей 400.00 нысаны бойынша акциз декларациясын ұсынуға;
- акцизді автомобиль сатып алынған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей немесе көлік құралын мемлекеттік тіркеуге құжаттар тапсырылған күннен кешіктірмей — осы екі күннің қайсысы ертерек болса, сол мерзімде төлеуге міндетті.
Осылайша, құны жоғары жеңіл автомобильді сатып алу кезінде оның бағасын ғана емес, сонымен қатар туындайтын салық міндеттемелерін де алдын ала ескеру қажет.
Негіздеме:** Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 535, 536, 537, 539, 549 және 551-баптары.