
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу тәртібі және осы қызметтерді көрсететін ұйымдарды лицензиялау .
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және тиісті нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Бұл қызметтердің негізгі мақсаты – өмірлік қиындықтарды өз бетінше еңсере алмайтын адамдарға қолдау көрсету, олардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау.
Әлеуметтік кодекстің жүз отыз үшінші бабында адамды немесе отбасын арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танудың негіздері белгіленген. Оларға ата-анасының қамқорлығынсыз қалу, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, балалардың ерте жастағы даму мүмкіндіктерінің шектелуі, мүгедектік, егде жасына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау, қатыгездікке ұшырау, баспанасыздық және заңнамада көзделген өзге де жағдайлар жатады. Алайда азаматтың жасы үлкен болуы немесе мүгедектігінің болуы барлық қызметтердің автоматты түрде тағайындалатынын білдірмейді. Қажетті көмектің түрі мен көлемі адамның нақты жағдайын бағалау нәтижесінде айқындалады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер бірнеше бағытты қамтиды. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге және өзіне-өзі қызмет көрсетуге көмектеседі.
Әлеуметтік-медициналық қызметтер денсаулықты сақтауға және медициналық көмек алуға жәрдемдеседі.
Әлеуметтік-психологиялық қызметтер психологиялық қолдау көрсетуге және өмірлік қиындықтарды еңсеруге бағытталған.
Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер оқыту, тәрбиелеу және қажетті дағдыларды дамыту жұмыстарын қамтиды. Әлеуметтік-еңбек қызметтері еңбек дағдыларын қалыптастыруға, ал әлеуметтік-құқықтық қызметтер құқықтар мен заңды мүдделерді қорғауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-экономикалық қызметтер де көрсетіледі. Қызметтер адамның қажеттілігіне қарай үйде, жартылай стационарлық, стационарлық және уақытша болу жағдайларында ұсынылады. Үйде қызмет көрсету кезінде көмек азаматтың тұрғылықты жерінде көрсетіледі.
Жартылай стационарлық жағдайда азамат ұйымға белгілі бір уақытқа келіп, қажетті қызметтерді алады. Стационарлық жағдайда қызметтер ұйымда тұру арқылы ұсынылады. Ал уақытша болу жағдайында көмек белгіленген мерзімге көрсетіледі. Мысалы, күнделікті тұрмыстық жұмыстарды орындауда қиналатын егде жастағы адамға үйде қызмет көрсету қажет болуы мүмкін. Ал тұрақты күтімге мұқтаж азаматқа тиісті ұйымда қызмет көрсету қарастырылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе осы саладағы уәкілетті жергілікті органға жүгінуге болады. Өтініште азаматтың өмірлік жағдайы мен қандай көмекке мұқтаж екені көрсетіледі. Одан кейін әлеуметтік жұмыскер қажеттілікті бағалайды. Бағалау нәтижесінде қажетті қызметтердің түрі, көлемі мен көрсетілу шарттары айқындалып, белгіленген тәртіппен шешім қабылданады. Қажетті құжаттар тізбесін өтініш беретін органнан нақтылауға болады. Әлеуметтік кодекстің жүз отыз екінші бабына сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтер кепілдік берілген және кепілдік берілген көлемнен тыс болып бөлінеді. Кепілдік берілген көлемдегі қызметтер осы қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға немесе отбасыларға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Ал кепілдік берілген көлемнен тыс қызметтер белгіленген тәртіппен қызмет алушының қаражаты есебінен ұсынылады.
Сондықтан қызмет алу алдында оның көрсетілу шарттары мен ақы төлеу тәртібін нақтылап алған жөн. Енді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау мәселесіне тоқталайын.
Қазақстанда екі мың жиырма бесінші жылғы бірінші қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті міндетті лицензиялау енгізілді. Лицензия беру тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің екі мың жиырма төртінші жылғы жиырма сегізінші маусымдағы екі жүз отызыншы нөмірлі бұйрығымен бекітілген қағидалармен реттеледі.
Лицензиялауды аталған министрліктің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүзеге асырады. Лицензия ұйымның тиісті қызметті жүзеге асыру құқығын растайды және оны басқа тұлғаға беруге жол берілмейді. Лицензиялаудың негізгі мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызмет көрсететін ұйымдар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Оларда қажетті материалдық-техникалық база, тиісті жағдайлар және білікті мамандар болуы қажет.
Лицензия алғаннан кейін де ұйым қызмет көрсету стандарттары мен заңнама талаптарын тұрақты сақтауға міндетті. Қызмет алушылардың қауіпсіздігі, құқықтары мен қадір-қасиетінің қорғалуы қамтамасыз етілуі тиіс. Егер сізге немесе жақындарыңызға арнаулы әлеуметтік қызметтер қажет болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша тиісті уәкілетті органға жүгінуіңізге болады. Осы тақырып бойынша қосымша сұрақтарыңыз болса, қырық үш – он жеті – қырық сегіз телефон нөміріне хабарласа аласыз.
Толқынбаев Ердаулет Манатұлы, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы