
Концертті «Social Development Center» қоғамдық қоры Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен, Алматы қаласы Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының қызметі аясында ұйымдастырады.
Іс-шараның мақсаты – конфессияаралық келісімді нығайту, түрлі дін өкілдері арасындағы ашық диалог пен өзара құрмет мәдениетін дамыту. Концерттің негізгі идеясы – діни сеніміне қарамастан, қала тұрғындарын біріктіретін бейбітшілік, келісім және рухани дәстүрлерді құрметтеу сияқты ортақ құндылықтардың маңызын көрсету.
«Рухани келісім күні – қоғамымыздағы бейбітшілік, өзара құрмет пен бірліктің қадірін тағы бір мәрте ұғынуға мүмкіндік беретін маңызды күн. Алматы – түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері тату көршілік пен өзара түсіністік жағдайында өмір сүріп жатқан қала. Конфессияаралық диалогты дамыту, қоғамдық келісімді сақтау және рухани құндылықтарға құрметпен қарауды қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Осындай іс-шаралар адамдар арасындағы сенімді нығайтып, көзқарастарымыз бен дәстүрлеріміз әртүрлі болғанымен, бәрімізді ортақ адамзаттық құндылықтар біріктіретінін еске салады деп сенемін», – деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.
Концерттің мерекелік бағдарламасы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бірлік, достық пен өзара түсіністікке негізделген ерекше атмосфера қалыптастыруды көздейді. Түрлі діни бірлестік өкілдерінің қатысуы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы ортақ күш-жігердің маңызын айқындайды.
Рухани келісім күні бейбіт қатар өмір сүрудің, ашық диалогтың және қоғам игілігі үшін ортақ жауапкершіліктің маңызын еске салады. Осындай бастамалар діни қауымдастықтар арасындағы сенімді арттырып, көпұлтты әрі көпконфессиялы Алматыда өзара құрметке негізделген ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара туралы ақпарат
Күні: 18 қазан 2026 жыл
Уақыты: 15:00
Өтетін орны: Concordia Concert Hall, Бөгенбай батыр көшесі, 151
Қосымша ақпарат: +7 701 755 97 97, +7 701 673 09 11