
Республика күні қарсаңында Алматыда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциясы өтеді. Акциялар аясында сатып алушыларға түрлі тауарлар жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Акциялар 2026 жылы 17 қазанда басталып, 27 қазанға дейін жалғасады.
Мерекелік жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстардың ең ауқымды кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Осы күндері арнайы ұсыныстар мен жеңілдікпен сатылатын тауарлардың басым бөлігі қолжетімді болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды төмендетілген бағамен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылатын акциялар халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға және ішкі сауданы дамытуға бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінеді.
Мерекелік акцияларға Алматы қаласының сауда нысандары қатысады. Қала тұрғындары мен қонақтарына тауарлардың түрлі санаты бойынша арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктер қарастырылады.