Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы
Басқарма туралы
Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,функциялары, құқықтары мен міндеттері
«Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің миссиясы: Шығыс Қазақстан облысында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында спорттық, қоғамдық ұйымдардың қызметін тиімді мемлекеттік басқару мен үйлестіруді қамтамасыз ету.
Міндеттері:
Шығыс Қазақстан облысы аумағында спорттың барлық түрлерінің дамуына қолдау көрсету;
дене шынықтыру және спорт саласында материалдық база құру және нығайту, тиісті инфрақұрылымдарды дамыту.
2025 жылғы жұмыс қорытындысы және 2026 жылға арналған жоспар
2025 жылғы жұмыс қорытындысы 2025 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халық саны 314 мың (313 961) адамды құрады немесе жалпы халық санының 45%-ын (2025 жылға жоспар – 44%) құрады (жалпы халық саны – 697 688 адам). Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 36,1%-ды немесе 59 мың (59 168) баланы құрады (2025 жылға жоспар – 33%). Бұл көрсеткіш 3–18 жас аралығындағы 163 673 баланың жалпы санына шаққанда есептелген. Ауылдық жерлерде аталған көрсеткіш 22 мың (22 829) баланы құрады. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын ерекше қажеттіліктері бар тұрғындар саны 4 мың (4 278) адамды, немесе мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы санының (28 244 адам) 15,1%-ын құрады. Жоғарыда аталған барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады, бұл өңірде атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. 2025 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде балалардың тегін спорт секцияларына қатысуын қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 003,8 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда Damubala.kz ақпараттық платформасы арқылы 17 спорт түрі бойынша 231 спорт секциясында қызмет көрсететін 33 жеткізуші жұмыс істейді. Тегін спорт секцияларымен 4 436 бала қамтылған. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған 1 658 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 52,6%-ды құрады (жоспар – 52%). Оның ішінде: спорт залдары бойынша қажеттілік – 57 580,7 м², қолда бары – 38 149,2 м² немесе 66,2%, тапшылық – 19 431,5 м² немесе 33,8%; жүзу бассейндері бойынша қажеттілік – 17 994 м², қолда бары – 7 025 м² немесе 39%, тапшылық – 10 969 м² немесе 61%. Қазақстан Республикасы бойынша бұл көрсеткіш 59,6%. 2026 жылға арналған жоспар – 54%. Халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында 2025 жылы 24 спорт нысаны салынды және пайдалануға берілді, оның ішінде: Ұлан ауданының Таврия ауылында құны 499,6 млн теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жалпы ауданы 1 284,2 м² болатын кешен ойын спорт түрлері, бокс, күрес және ауыр атлетика бойынша жарыстар өткізуге арналған. Өскемен қаласында құны 541,6 млн теңге болатын тау шаңғысы базасы салынды. Мұнда тау шаңғысы спорты, сноуборд және фристайл спорт түрлері дамытылуда. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы орталық стадионға 322,5 млн теңгеге реконструкция жүргізілді. Шемонаиха ауданында құны 2,1 млн теңге болатын көпфункционалды спорт алаңы салынды. 300,3 млн теңге сомасына 2 қала мен 4 ауданда (Өскемен және Риддер қалалары, Глубокое, Күршім, Марқакөл және Тарбағатай аудандары) 19 балалар футбол алаңы салынды. Үлкен Нарын ауданының Көкбастау ауылында құны 118 млн теңге болатын спорт залы салынып, пайдалануға берілді. Дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағында 38 спорт мекемесі жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысының балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 17 825 спортшы жаттығады. Оқу-жаттығу сабақтарын 756 жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді. Спорт мекемелерінде 62 спорт түрі дамытылуда, оның ішінде 13 қысқы олимпиадалық, 25 жазғы олимпиадалық, 9 ұлттық және 15 олимпиадалық емес спорт түрі бар. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының құрамына Шығыс Қазақстан облысынан 775 спортшы енді, оның ішінде негізгі құрамда – 268, жастар құрамасында – 162, жасөспірімдер құрамасында – 345 спортшы бар. 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айлары аралығында облыс спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 5 700 медаль жеңіп алды. Оның ішінде: 1 936 алтын, 1 784 күміс және 1 980 қола медаль. Өткізілген оқу-жаттығу жиындарының саны 271-ді құрады, оның ішінде: 197 облыстық, 56 республикалық және 18 халықаралық оқу-жаттығу жиыны. Шығыс Қазақстан облысы шайбалы хоккейдің отаны ретінде лайықты түрде танылған. Бұған «Торпедо» хоккей командасының Қазақстан Республикасы Кубогының алтын медалін жеңіп алуы дәлел. Сонымен қатар, Өскемен хоккей мектебінің көптеген түлектері Континенттік хоккей лигасы мен Pro-лигада табысты жаттықтырушы болып қызмет атқаруда. «Алтай-Өскемен» футбол командасының Қазақстан Республикасы чемпионатының Премьер-лигасына жолдама алып, Бірінші лигада қола медаль жеңіп алуы өңірде үлкен футболдың қайта жандануына серпін берді. 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы 10 кешенді спорттық-бұқаралық іс-шараға қатысты, оның ішінде 4 республикалық және 6 халықаралық жарыс бар. Шығыс Қазақстан облысы үшін дәстүрлі түрде басым бағыт болып саналатын қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары 13 қысқы олимпиадалық спорт түрін дамытуға мүмкіндік береді және бұл облыстың негізгі бәсекелестік артықшылықтарының бірі болып табылады. 2026 жылы Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық аясында өңір спортшылары фристайл, биатлон, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру және тау шаңғысы спорты бойынша Әлем кубогының кезеңдері мен халықаралық турнирлерге қатысуда. Оларды даярлау үшін тұрақты қаржыландыру, заманауи спорттық жабдықтар, оқу-жаттығу базаларына қолжетімділік және толыққанды медициналық сүйемелдеу қамтамасыз етілген. 2026 жылға арналған жоспарлар Негізгі басымдықтар мен міндеттер Басқарманың 2026 жылға арналған негізгі мақсаты – облыстағы спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық және кәсіби спортты кеңінен насихаттау. 2026 жылы Басқарманың негізгі міндеттері: халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 1000 адамға шаққанда 52,6%-дан 54%-ға дейін арттыру; дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесін 45%-дан 46%-ға дейін ұлғайту; дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін 15,1%-дан 15,2%-ға дейін арттыру; «Artsport» мемлекеттік спорттық тапсырысы шеңберінде кемінде 4 400 баланың спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету; облыс аумағында кемінде 3 600 спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен жарыстар өткізу. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін спорт нысандарын салу, реконструкциялау және жөндеу, сондай-ақ облыс аумағында спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен жарыстар өткізу арқылы спортпен шұғылданатын халықтың қамтылуын арттыру жоспарлануда. Инфрақұрылымдық жобалар (2026 жылдың соңына дейін): волейбол орталығының құрылысын бастау; 5 000 орындық жабық футбол стадионының құрылысын салу; үстел теннисі академиясын салу; Өскемен қаласындағы «Восток» стадионына және Риддер қаласындағы «Сокол» стадионына күрделі жөндеу жүргізу. Жоғары жетістіктер спорты Шығыс Қазақстан облысының құрама командасын спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен ресми республикалық жарыстарға дайындау және қатыстыру. Халықаралық жарыстар: XXV Қысқы Олимпиада ойындары – Милан, Кортина-д'Ампеццо (Италия); VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (Қырғызстан); XX Жазғы Азия ойындары (Жапония); V Азия Пара ойындары (Жапония); IV Жасөспірімдердің жазғы Олимпиада ойындары – Дакар (Сенегал). Республикалық жарыстар: Барлық жас санаттары бойынша спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының ресми чемпионаттары; Жергілікті атқарушы органдар арасындағы республикалық спартакиада; Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындары; V Жазғы ауыл спортшылары ойындары. Маңызды спорттық іс-шараларды өткізу 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын насихаттауға, халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға, ұлттық ойындар дәстүрін сақтауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды спорттық іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Негізгі іс-шаралар: «Алтын шайба – 2026» облыстық балалар арасындағы шайбалы хоккей турнирі (2026 жылғы 25–28 наурыз); Қалалар мен аудандардың мемлекеттік қызметшілері, облыстық басқармалар мен департаменттер қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада (2026 жылғы 10 сәуір – 16 мамыр); Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау қызметкерлері арасындағы спартакиада (2026 жылғы сәуір – тамыз); Шығыс Қазақстан облысының XXIV Халықтық спорт ойындары (2026 жылғы мамыр – маусым); Ауылдық жерлердегі балалар арасында өтетін «AUYL SPORT – 2026» облыстық турнирі (2026 жылғы шілде – тамыз); Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындары мен ұйымдарының еңбек ұжымдары арасындағы облыстық спартакиада (2026 жылғы қыркүйек – қараша); Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада (2026 жылғы 20–30 тамыз); «Қазақстан» тауына жүгіру жарысы (2026 жылғы 25 қыркүйек); «ALTAY SPORT FEST – 2026» (2026жылғы28желтоқсан). Аталған іс-шараларды өткізу халықтың дене белсенділігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар өңірдің спорттық дәстүрлерін сақтауға, жастар мен ересектер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, командалық рухты нығайтуға және жарыс мәдениетін дамытуға ықпал етеді.