Қарт Мерей Мейіртайұлы

    Директор

    Өмірбаян

    Мерей Қарт – қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын, драматург, филология ғылымдарының магистрі, қоғам қайраткері.

    Ол 1989 жылдың 4 желтоқсанында қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданының Үштөбе ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін туған өлкесінде алып, кейін Алматы қаласындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта білімін жалғастырды. Бұл білім ордасы оның әдебиетке деген құштарлығын шыңдап, шығармашылық жолына берік негіз қалады.

    2007–2011 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Шәкәрім университеті) қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алып, филология ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, білім мен мәдениет саласында жемісті еңбек етіп келеді.

    Бүгінде Мерей Қарт – Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры, сондай-ақ Абай облыстық мәслихатының депутаты. Ол қай қызметте жүрсе де ұлттық руханиятты дамытуға, қазақ әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге зор үлес қосып келеді.

    Қазақ поэзиясы – оның өмірлік мұраты мен шығармашылық болмысының өзегі. Ақынның өлеңдерінен туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, адам жанының терең иірімдері мен заман тынысы айқын сезіледі. Оның шығармалары оқырман жүрегінен жол тауып, әдеби ортада жоғары бағаланып келеді.

    Шығармашылықтағы толайым табыстарының дәлелі ретінде Мерей Қарт Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанып, Төлеген Айбергенов атындағы төсбелгімен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауында «Поэзия» аталымының Гран-приін жеңіп алды. Ол сондай-ақ республикалық «Алтын тұғыр» әдеби байқауының жеңімпазы әрі Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған жас ақын-жазушылар арасындағы «Үздік поэзия» аталымының иегері.

    Ақынның жырлары республикалық «Жұлдыз», «Тұмар» журналдары мен «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Оның қаламынан туған «Есімің сенің…», «Қамшы», «Қарашықтағы құбылыс» атты жыр жинақтары қазақ әдебиетінің көркем қорын толықтырған бағалы туындылардың қатарынан орын алды.

    Мерей Қарттың шығармашылық кеңістігі поэзиямен ғана шектелмейді. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, драматургия саласында да өзіндік өрнегін қалыптастырған қаламгер. Абай облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Семей қаласындағы Абай театрында М.Қарттың «Белгісіз бағыт» атты драмалық шығармасы қазіргі қоғамдағы терроризмнің, діни радикализм мен жат ағымдардың қаупін терең философиялық тұрғыдан зерделейтін туынды ретінде көрерменге жол тартты. «Дариға-ай» жастар театрының қолдауымен режиссер ЕркебұланНұғыманов сахналаған қойылым көрерменнің зор ықыласына ие болып, қоғамдық пікір туғызған маңызды мәдени оқиғаға айналды. Автор адам тағдыры, ұлттық құндылықтар мен рухани қауіпсіздік мәселелерін көркемдік биікте қозғай отырып, бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін сахна тілімен әсерлі жеткізе білді. Көрермендер сұранысы бойынша бірнеше рет халыққа ұсынылып, аудандарда да сахналанды.

    Сондай-ақ, дәл осы сахнада осы қолдаумен, «Аспанға құлау» атты шығармашылық кеші болды. Бұл әдеби-мәдени кеш ақынның көпшілікке кеңінен танылған шығармашылық мұрасын насихаттап, оның поэзия әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын айшықтай түсті. Кеште ақынның сыршыл лирикасы мен азаматтық үні астасқан жырлары оқылып, көрермен қауым оның шығармашылық әлеміне терең бойлады. Сонымен қатар әдебиет пен өнер өкілдері Қарт Мерейдің қазіргі қазақ поэзиясындағы орны мен шығармашылық ізденістеріне жоғары баға беріп, кеш рухани мазмұны терең, тағылымы мол әдеби мерекеге айналды.

    Мерей Қарттың әдеби және қоғамдық еңбегі елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Сөйле менің жүрегім, сөз келгенде» республикалық мүшәйрасының І орын иегері, «Жырлаймын сені, Жаңаөзен» республикалық жас ақындар байқауының жеңімпазы, Қараша батырға арналған республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы атанды. Сонымен бірге «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» республикалық поэзия фестивалінің жүлдегері болды.

    Халықаралық әдеби кеңістікте де оның шығармашылығы лайықты бағасын тапты. Қырғызстанның Ош қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған Жолан Мамытов атындағы «Жасыл әлем» фестивалінің лауреаты атанды. Ал Түркияның Анкара қаласында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық жиында «Семей полигоны және Олжас Сүлейменов» тақырыбында баяндама жасап, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғары марапаттарының бірі – арнайы төсбелгісімен наградталды.

    Қоғамдық қызметтегі белсенділігі үшін Семей қаласы әкімінің, «Ауыл» партиясының, Семей қаласының Тілдерді дамыту орталығының және өзге де мекемелердің бірнеше мәрте Алғыс хаттарымен марапатталған.

    Мәдениет пен әдебиетті дамыту жолындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Мәдениетке қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері атанды.

    Мерей Қарт – поэзияны өмірлік мұрат еткен, ұлттық руханияттың өрісін кеңейтіп, әдебиет пен мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген замандас қаламгер. Оның шығармалары ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке және биік эстетикалық талғамға тәрбиелеуге қызмет етіп келеді.

    Осы мемлекеттік органның қызметкерлері