
Қызылащы ауылдық округінде есірткі заттарының заңсыз айналымы мен нашақорлықтың алдын алу, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастарға зиянды әдеттердің кері әсерін түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ауыл тұрғындары және жастар қатысты.
Кездесу барысында нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасылық құндылықтарға және қоғамның әлеуметтік жағдайына тигізетін кері әсері туралы кеңінен айтылды. Қатысушылар есірткіге тәуелділіктің алдын алуда отбасы тәрбиесінің, ата-ана бақылауының және жастармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Аналар кеңесінің мүшелері жастарға ана тәрбиесі мен отбасындағы мейірімнің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын түсіндіріп, әрбір жас өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты. Ал Ақсақалдар кеңесінің мүшелері жастарды үлкенді сыйлауға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, бос уақытын тиімді өткізуге және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Іс-шара соңында қатысушылар нашақорлықтың алдын алу тек жекелеген мекемелердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жастар өз қатарластарына есірткіден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен, біліммен, шығармашылықпен айналысуға үндеу жолдады.
Қатысушылардың үндеуі:
«Біз, Ж.Балапанов ауылының жастары мен тұрғындары, есірткіге және зиянды әдеттерге қарсымыз! Әр адам өз денсаулығын бағалап, жарқын болашағы үшін дұрыс таңдау жасауы қажет. Салауатты өмір салтын бірге қалыптастырып, есірткісіз қоғам құруға атсалысайық!»









