
Әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес бүгін мектеп психологтарының дәстүрлі тамыз секциясының алғашқы отырысы өткізілді. Кәсіби басқосу барысында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің өзекті мәселелері талқыланып, мамандар арасында тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік берілді.
Іс-шараның маңызды бөлігі – тәжірибе алаңы болды. Педагог-психологтар өз тәжірибелеріндегі тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісіп, әріптестеріне практикалық бағыттағы психологиялық жаттығулар мен тренинг элементтерін ұсынды.
Тәжірибе алаңында оқушылардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, «Оқушылардың күйзеліске төзімділігін дамытуға арналған психологиялық жаттығулар», «Эмоционалдық интеллектіні дамытуға бағытталған тренинг элементтері», «Буллингтің алдын алу бойынша тиімді психологиялық құралдар» тақырыптарында практикалық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар «Қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастырудағы психологиялық сүйемелдеу», «Психологиялық қызметтің заманауи әдістері: тәжірибе және нәтиже», «Буллингтің, кибербуллингтің және зорлық-зомбылықтың алдын алудағы психологиялық қызметтің тиімді тәжірибелері» бағыттары бойынша тәжірибелік материалдар ұсынылды.
Кездесуде психологиялық қызметтің профилактикалық және түзету-дамыту бағыттарына да ерекше назар аударылды. «Психологиялық қызметте профилактикалық және түзету-дамыту жұмыстарының заманауи әдістері» тақырыбында мамандар тиімді жұмыс формаларымен бөлісті.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдармен сабақтастықты қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. «Отбасы мен балабақша серіктестігі: мектепке дейінгі жастағы балаларды психологиялық қолдау. Ойын технологиялары арқылы балалардың танымдық және тұлғалық дамуын қолдау» тақырыбы аясында баланың ерте жастағы психологиялық дамуын қолдаудың тиімді жолдары қарастырылды.
Тамыз секциясы – педагог-психологтар үшін жаңа оқу жылына мақсат-міндеттерді айқындап, кәсіби тәжірибені толықтыруға, заманауи психологиялық технологияларды меңгеруге және әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Осындай кәсіби кездесулер психологиялық қызметтің сапасын арттырып, білім алушылардың эмоционалдық әл-ауқатын, қауіпсіздігін және тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың нығаюына ықпал етеді.









