S&P Global Ratings Қазақстанның кредиттік рейтингін көтерді

    S&P Global Ratings Қазақстанның кредиттік рейтингін көтерді

    S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін BBB-/A-3 деңгейінен BBB/A-2 деңгейіне дейін көтерді. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».

    Рейтингтің жоғарылауы S&P агенттігінің Қазақстан экономикасының орнықтылығын, елдің қаржылық жағдайын және сыртқы экономикалық тәуекелдерге төтеп беру қабілетін жоғары бағалайтынын білдіреді.

    Агенттіктің бағалауынша, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырып келеді. 2026 жылы S&P нақты жалпы ішкі өнімнің 5,1%-ға өсуін болжап отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ 4,1%-ға өсті. 2027–2029 жылдары экономиканың орташа жылдық өсімі 4–4,5% деңгейінде болады деп күтілуде.

    S&P Қазақстанның басым тұстары ретінде қомақты сыртқы және мемлекеттік қаржы резервтерін атап көрсетеді. Агенттіктің болжамынша, алдағы төрт жылда мемлекеттің өтімді активтері ЖІӨ-нің шамамен 21%-ын құрайды.

    Сонымен қатар S&P салық түсімдерінің артқанын атап өтті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олар 17%-ға өсті. Агенттік Үкіметтің салық базасын кеңейту және мемлекеттік шығыстарды бақылау жөніндегі шараларына оң баға береді.

    S&P жаһандық экономикалық белгісіздік пен шикізат бағаларының құбылуына қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсімін сақтайды деп күтеді.

    2026 жылғы 27 тамызда S&P Global Ratings Қазақстанның Даму Банкінің рейтингтерін де көтерді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары