Қонаев гарнизонында роталық тактикалық оқу-жаттығу әдістері жетілдірілуде

    Қонаев гарнизонында роталық тактикалық оқу-жаттығу әдістері жетілдірілуде

    Қонаев гарнизонының десанттық-шабуылдау бригадасында офицерлер мен сержанттарға роталық тактикалық оқу-жаттығуларды ұйымдастыру бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді.

    Аталмыш сабақтар жауынгерлік даярлық аясында ұйымдастырылып, оқу-жаттығуларды жоспарлап өткізуде бірыңғай тәсілді қалыптастыруға, бөлімшелерді басқару дағдыларын жетілдіруге және жеке құрамның іс-қимыл үйлесімділігін арттыруға бағытталды.

    Әскери қызметшілерге роталық тактикалық оқу-жаттығуларды тактикалық-саптық әдіспен дайындау және өткізу тәртібі, бөлімшелерді басқару ерекшеліктері, сондай-ақ әртүрлі жағдайларда өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді.

    Даярлықтың практикалық бөлігі ерекше назарға алынды. Роталық тактикалық оқу-жаттығулар бөлімшелердің іс-қимылдарын кезең-кезеңімен пысықтауды көздейді. Мәселен, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру және десант түсіруге дайындықтан бастап, оқу-жауынгерлік міндеттерді ұрыста қолдану аймағында орындауға дейінгі үдерістер қамтылады.

    Оқу-жаттығулардың сценарийлерін әзірлеу барысында қарулы қақтығыстардың дамуындағы заманауи үрдістер мен ұрыс жүргізу тактикасындағы өзгерістер де ескеріледі. Атап айтқанда, әскери қызметшілер ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді қолдану кезіндегі іс-әрекет және оларға қарсы тұру тәсілдерін де пысықтайды.

    – Бүгінде соңғы кездегі қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескеріп, бөлімшелерді даярлауға қойылатын талаптар да өзгеруде. Командирлер жағдайды жедел бағалауға, шешім қабылдауға және қарсыластың іс-қимыл сипаты өзгерген кезде бөлімшелерді басқаруға дайын болуы керек. Сондықтан тиісті элементтер оқу-жаттығулардың сценарийлеріне енгізіліп, іс жүзінде пысықталады, – деп атап өтті 32363 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жөніндегі бригада командирінің орынбасары гвардия подполковнигі Жәнібек Нұрланов.

    Рота деңгейіндегі даярлық десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлік машығының маңызды бөлігі. Оқу-жауынгерлік міндеттерді кезең-кезеңімен пысықтау бөлімшелерді басқаруды, өзара іс-қимылды және бөлімше, взвод пен рота құрамындағы әскери қызметшілердің іс-қимыл үйлесімділігін жетілдіруге ықпал етеді.

    Мұндай нұсқаулық-әдістемелік сабақтар командирлерге роталық тактикалық оқу-жаттығуларды ұйымдастыруда және өткізу барысында бірыңғай тәсілдерді қолдануға, сондай-ақ бөлімшелердің даярлық сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі" жаңалықтары