
Отырар ауданында тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында құрылған жұмысшы топ санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы кезекті рейдтік іс-шарасын өткізді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған рейд барысында қалаға кіреберіс автожол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлердің аумақтары зерделенді. Жұмысшы топ мүшелері тұрғындар мен кәсіпкерлерге тұрмыстық қалдықтарды бекітілген кестеге сәйкес шығару, сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарға құрылыс материалдарын, құм, тас, топырақ және өзге де қалдықтарды орналастыруға жол берілмейтіні жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер беріліп, оларды белгіленген мерзімде жою қажеттігі түсіндірілді. Жауапты мамандар талаптардың орындалмауы немесе заңбұзушылықтың қайта анықталуы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Құрметті отырарлықтар! Ауданымыздың тазалығы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір тұрғын өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосайық.
Айта кетейік, санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.







