Адамның азаматтық және саяси құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау — Қазақстанның ішкі саясатының басымдығы

    Адамның азаматтық және саяси құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау — Қазақстанның ішкі саясатының басымдығы

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 1337 Жарлығымен Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Аталған құжат мемлекет пен қоғам дамуының қазіргі заманғы негізгі бағдарларын айқындайды.

    Ішкі саясаттың негізгі басымдықтарының бірі — адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау. Бұл ретте «Заң және тәртіп» қағидаты маңызды рөл атқарады. Ол заңның үстемдігіне, азаматтардың заң алдында теңдігіне, заңдылықты нығайтуға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге негізделеді.

    «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға бағытталған. Азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгінуге, өздерін толғандыратын мәселелер бойынша жауап алуға, өз пікірін білдіруге және қоғамдық маңызы бар шешімдерді талқылауға қатысуға мүмкіндік беріледі.

    Азаматтардың саяси құқықтарын іске асыруда «Әртүрлі пікір — біртұтас ұлт» қағидатының маңызы зор. Бұл қағидат әртүрлі қоғамдық ұстанымдарға құрметпен қарауды, азаматтардың пікірін ескеруді және олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне сайлау, референдум, қоғамдық талқылаулар және заңнамада көзделген өзге де нысандар арқылы қатысуын дамытуды көздейді.

    Сонымен қатар азаматтық қоғамды және қоғамдық диалогты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік органдардың қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және азаматтық қоғамның басқа да институттарымен өзара іс-қимылы мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және азаматтарды өзекті мәселелерді шешуге кеңінен тартуға ықпал етеді.

    Осылайша, Қазақстанның қазіргі ішкі саясаты құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға және конституциялық құқықтар мен бостандықтарды іске асыру мен қорғаудың тиімді жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.

    Адамның қадір-қасиетін құрметтеу, заңның үстемдігі, қоғамдық диалог және азаматтардың белсенді қатысуы — әділетті әрі тұрақты Қазақстанның маңызды негіздері.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы қаласы бойынша өкілі" жаңалықтары