ШЫНАЙЫ АҚША-ЖАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ!

    Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды интернеттегі инвестициялық алаяқтықтан сақ болуға шақырады.

    Олар адамдарға әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет-платформалар арқылы «жоғары табыс», «кепілді пайда», «тәуекелсіз инвестиция» туралы ұсыныстар түсіп жатады. Алаяқтар өздерін кәсіби брокер, инвестициялық компанияның қызметкері немесе қаржы сарапшысы ретінде таныстырып, азаматтарды қысқа мерзімде мол табыс табуға сендіреді.

    Алғашқы кезеңде олар аз мөлшерде ақша салуды ұсынады. Кейде арнайы жасалған жалған сайт немесе мобильді қосымша арқылы шоттағы қаражаттың өсіп жатқанын көрсетеді.

    Осыдан кейін «көбірек ақша салсаңыз, табысыңыз да артады», «инвестицияңызды көбейтіңіз», «шотты бұғаттан шығаруға комиссия төлеңіз» деген сылтаулармен қосымша қаражат талап етеді.

    Азамат ақша қаражатын толық шешіп алғысы келген кезде түрлі кедергілер пайда болады. Ал «кеңесші» байланысқа шықпайды, сайт жұмысын тоқтатады немесе аккаунт бұғатталады. Нәтижесінде жәбірленуші өз қаражатынан айырылып қалады.

    АЛАЯҚТАРДЫҢ НЕГІЗГІ АЙЛАСЫН ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ?

    «100% кепілдікпен жоғары табыс» уәдесі — қауіпті белгі.

    «Бірнеше күнде ақшаңызды бірнеше есе көбейтеміз» деген ұсынысқа сенбеңіз.

    Сізді тез шешім қабылдауға мәжбүрлейтін адамдардан сақ болыңыз.

    Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша банк қосымшасы арқылы ақша аудармаңыз.

    Жеке куәлік деректері, банк картасының нөмірі, CVV-код, SMS арқылы келген растау кодтары сияқты құпия мәліметтерді ешкімге бермеңіз.

    Күмәнді сілтемелер арқылы өтіп, белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.

    ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ:

    Алаяқтар сізге ақша табуды емес, сіздің ақшаңызды алуды көздейді.

    Жалған инвестициялық платформаларда экрандағы «пайда» шынайы ақша болмауы мүмкін. Сайттағы өсіп тұрған сандарға сеніп, қосымша қаражат аударудың қажеті жоқ.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары