
Энтеробиоз – ең көп таралған паразиттік аурулардың бірі. Оның қоздырғышы – острицалар (үшкірқұрттар). Ауру көбінесе мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында кездеседі, алайда кез келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін. Инфекция көзі – ауру адам. Инвазияның берілу факторларына гельминт жұмыртқаларымен ластанған қолдар мен тұрмыстық заттар жатады.
Жұқтыру қарым-қатынас-тұрмыстық жолмен жүреді: ауру адаммен ойын кезінде тікелей қарым-қатынаста болу, қол алысу, ортақ төсек-орынды пайдалану, сондай-ақ ластанған ойыншықтар және басқа да тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. Жеке бас гигиенасы ережелері сақталмаған жағдайда адамның өзін-өзі қайта жұқтыруы да мүмкін.
Энтеробиоздың негізгі белгілері:
- перианальды аймақта, әсіресе түнгі уақытта қышудың пайда болуы;
- мазасыз ұйқы, ашуланшақтық;
- тәбеттің төмендеуі;
- іштің ауыруы, жүрек айнуы;
- тез шаршау;
- аллергиялық реакциялардың пайда болуы.
Ауру ұзақ уақытқа созылған жағдайда адамның жалпы жағдайы нашарлап, асқынулар дамуы мүмкін.
Ауру белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу қажет. Энтеробиозды диагностикалаудың негізгі әдісі – перианальды қатпарлардан алынатын қырынды зерттеуі.
Ауруды жұқтырудың алдын алу үшін қарапайым гигиеналық ережелерді сақтау қажет:
- дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында және көшеден келген соң қолды сабынмен мұқият жуу;
- тырнақты қысқа етіп алып жүру және тырнақ тістеу әдетіне жол бермеу;
- төсек-орын жабдықтарын үнемі ауыстырып, ыстық үтікпен үтіктеу;
- үй-жайларды күнделікті ылғалды тазалау;
- балалар пайдаланатын ойыншықтар мен басқа да заттарды мұқият жуу;
- ауру анықталған жағдайда дәрігердің тағайындауларын қатаң орындау және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау.
Егер энтеробиоз отбасы мүшелерінің бірінен немесе ұйымдастырылған балалар ұжымында бір баладан анықталса, дәрігердің тағайындауы бойынша байланыста болған адамдардың барлығы тексеріліп, қажет болған жағдайда ем қабылдауы тиіс.
Өзін-өзі емдеу аурудың қайта жұғуына және инфекцияның таралуына әкелуі мүмкін.
Жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау және медициналық көмекке уақтылы жүгіну – энтеробиоздың алдын алудың негізгі шаралары.









