«10 күн – 10 мүмкіндік: Тіл фестивалі» аясындағы мазмұнды күндердің бірі – «Тіл және технология» тақырыбына арналды.
Бүгінде технология – уақытпен үндескен өмір салтымыздың ажырамас бөлшегіне айналды. Ал сол мүмкіндіктерді ана тілімізде пайдалану – мемлекеттік тілдің күнделікті қолданысын кеңейтіп, оның өміршеңдігін арттырудың қарапайым да маңызды қадамы.
Іс-шара барысында аудан аумағындағы дәріхана, сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарында қазақ тілін қолданудың маңызы кеңінен насихатталды. Күнделікті тұрмыста жиі кездесетін қарапайым әрекеттердің өзі тілге деген құрметтің көрінісі екені көрсетілді.
Дәріханада қажетті дәрі-дәрмекті қазақ тілінде сұрау, ақпаратты мемлекеттік тілде алу, төлем жасау кезінде терминалдан қазақ тілін таңдау, түбіртекті қазақ тілінде алу – мұның бәрі ана тіліміздің өмірдегі нақты қолданысын арттыратын игі қадамдар.
Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге, сауатты жазуға және дұрыс қолдануға мүмкіндік беретін Emle.kz, Termincom.kz, Sozdikqor.kz цифрлық платформалары таныстырылды. Бұл ресурстар – сөздің дұрыс жазылуын тексеріп, терминнің мән-мағынасын тануға, сөздер мен ұғымдардың түсіндірмесін табуға жол ашатын заманауи тілдік құралдар.
Тілдің өрісі кеңейген сайын, оның мүмкіндігі де арта түседі. Бүгінгі цифрлық дәуірде қазақ тілін қолдау үлкен бастамалардан ғана емес, күнделікті өмірдегі қарапайым таңдаулардан басталады.
Телефонның тілін қазақшаға ауыстырудан бастап, терминалдан мемлекеттік тілді таңдауға дейінгі әрбір әрекет – ана тілімізге деген құрметтің белгісі. Қазақ тілі – технологиямен бірге дамып, заманмен бірге жаңғыратын тіл. Оны күнделікті өмірде қолдану – әрқайсымыздың қолымыздағы мүмкіндік.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.