
Талдықорған қаласында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында биыл 8 мыңға жуық оқушыға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Акцияның басты мақсаты әлеуметтік жағынан осал, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына сапалы дайындауға қолдау көрсету және олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласында әлеуметтік осал санатқа жататын 5 656 оқушы бар. Оларды қолдау мақсатында жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен әр балаға 50 851 теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар, қосымша қолдауды қажет ететін 2 145 оқушы демеушілер тарапынан мектеп формасымен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Қайырымдылық акциясына қала әкімдігінің қызметкерлері, облыстық басқармалар, жергілікті кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер, мәслихат депутаттары, төтенше жағдайлар және қорғаныс істері басқармалары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ұжымдары белсенді қатысуда.
Акция аясында қала тұрғындары үшін Н. Назарбаев даңғылы мен Біржан сал көшесінің қиылысындағы Арбатта мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда мектеп формалары, аяқ киімдер, кеңсе тауарлары мен жаңа оқу жылына қажетті басқа да құрал-жабдықтар қолжетімді бағамен сатылуда.
Айта кетейік, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.









