
Аудандық мәслихаттың төрағасы А.С. Асанова мен депутат, тұрақты комиссияның төрағасы А.В. Кашин Комсомол, Хмельницкий және Москворецк ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып қайтты. Олар білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысып, әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына әзірлігін тексерді, сондай-ақ округ әкімдерімен бірге тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді талқылады.
Комсомол ауылдық округінде қысқа дайындық жұмыстары қалыпты режімде жүріп жатыр. Мектеп үшін қажетті көмір толық көлемде жеткізілген.
Комсомол ауылдық округінің әкімі Т.Қ. Байдалинмен кездесуде спортты дамыту мәселесі сөз болды. Әкімнің айтуынша, ауыл тұрғындары, әсіресе жастар тарапынан шағын футбол алаңы мен заманауи спорт алаңқайын салу туралы өтініштер жиі түседі. Округтің құрама командасы аудандық «Ақ бидай» спорттық жарыстарында үш жыл қатарынан жеңімпаз атанып жүргендіктен, бұл мәселе бүгінгі күннің күн тәртібінен түспек емес.
Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді де ерекше атап өткен жөн. Осы уақытқа дейін өзекті болып келген медициналық пунктті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тапты. Ауылдық округте фельдшер Т.Я. Герт жұмысқа кірісті. Енді жергілікті тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ, өз ауылында медициналық көмек ала алады.
Хмельницкий ауылдық округінде де мектептің жаңа оқу жылына дайындығы қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оқу кабинеттерінің терезелерін ауыстыру бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, мектеп те жылыту маусымына тас-түйін дайын: қажетті көмір қоры толық жасақталып, қазандықтың түтін мұржасы жаңартылған.
Ал алдағы уақытта шешімін табуы тиіс маңызды мәселелердің қатарында балалар ойын алаңы мен спорт алаңқайының құрылысы бар. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама толығымен дайын, ендігі кезекте жобаны жүзеге асыру үшін тиісті қаражат бөлу мәселесі тұр.
Фельдшерлік-акушерлік пунктке ат басын бұрған депутаттар медициналық мекеменің жұмыс жағдайымен және тыныс-тіршілігімен де егжей-тегжейлі танысты.
Москворецк ауылдық округіндегі мектеп те алдағы жылыту маусымына тас-түйін дайын. Көмір толық көлемде жеткізіліп, қазандық жабдықтары жұмысқа әзірленген. Сонымен қатар, мектеп пен шағын орталық аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Жергілікті фельдшерлік-акушерлік пункт те қажетті құрал-жабдықтармен және білікті медициналық кадрлармен толық қамтамасыз етілген.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, депутаттар білім беру және әлеуметтік сала мекемелерінің жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындығы жоспарлы режімде жүріп жатқанын атап өтті. Сапар барысында байқалғандай, көптеген мектеп қазандықтарында түтін мұржаларын жаңарту жұмыстары табысты аяқталған.
Барлық ауылдық округтерде абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Десе де, биылғы жылы шөп шабу жұмыстары нағыз сынаққа айналды. Округ әкімдерінің айтуынша, қолда бар шағын қуатты триммерлер ауқымды жұмыс көлемін еңсере алмай жатыр – техника қызып кетіп, жиі бұзылады, ал оны жөндеуге қосымша уақыт пен қаражат шығындалады.
Бұл мәселені шешу үшін трактор базасындағы роторлы шөп шапқыштарды сатып алған тиімді. Мұндай техника аумақтарды күтіп ұстау жұмыстарын әлдеқайда жылдам әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Қосымша қаржыландыруды талап ететін бұл мәселелер депутаттардың тұрақты бақылауында қалады.









