
Голан жоталарында қызмет атқарып жатқан Қазақстанның ұлттық бітімгерлік контингенті БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштер штабы (UNDOF) өткізген бағалау инспекциясынан сәтті өтті.
Инспекция қорытындысы бойынша қазақстандық контингенттің қызметіне жоғары баға берілді. Әскери қызметшілер кәсіби даярлық деңгейін және түрлі шұғыл жағдайларда қойылған міндеттерді тиімді орындауға дайын екенін көрсетті. Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін подполковник Ілияс Алматов басқарады. Миссия мандаты аясында қазақстандық бітімгерлер патрульдеу, бақылау-өткізу бекеттерін күзету, жарылғыш заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау міндеттерін атқарып келеді. Маусым-қыркүйек айлары аралығында ұлттық контингент 470 жедел іс-шара өткізді. Оның ішінде патрульдеу жұмыстарымен қатар, 49 уақытша түнгі бақылау бекеті ұйымдастырылып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуы өткізілді. Сонымен қатар жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу ұйымдастырылды. Инженерлік-саперлік топ 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 дана оқ-дәріні анықтап, жойды. Қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес міндеттерін орындауды жалғастыруда. Олар жауапкершілік аймағында жағдай тұрақтылығын бақылауға және кез келген жағдайда жедел әрекет етуге әзір.









