Өскемен мен Түркістанда әскери қызметшілер ардагерлерді құттықтады

    Өскемен мен Түркістанда әскери қызметшілер ардагерлерді құттықтады

    Халықаралық қарттар күніне орай Өскемен мен Түркістан қалаларында әскери қызметшілер Екінші дүниежүзілік және Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті.

    Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері мен 26943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерлері Анастасия Павловна Светочева мен Михаил Яковлевич Головатюкті Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

    Іс-шараға Өскемен қаласындағы С. Нұрмағамбетов атындағы № 4 орта мектептің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары да қатысты.

    – Ардагерлермен кездесудің тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда маңызы зор. Олардың өмірлік тәжірибесі жастарға үшін батылдықтың, табандылық пен Отанға деген адалдықтың үлгісі болып қала береді. Ардагерлермен тікелей қарым-қатынас жасау жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, азаматтық және әскери борышына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді, – деді облыстық департаменттің ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы майор Әсет Адамбаев.

    Биыл Анастасия Павловна Светочева 104 жасқа толады. Ол соғыс жылдарында 26-шы жеке Қызыл Ту орденді байланыс полкінде байланысшы болып қызмет атқарып, Ленинградты қорғау және блокададан шығу операцияларына қатысты. Сондай-ақ бомбалау мен артиллериялық атқылаудан кейінгі зардаптарды жою жұмыстарына атсалысқан.

    Әскери байланысшы ретінде майдандағы ерен еңбегі үшін Анастасия Светочева І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

    Михаил Яковлевич Головатюк қазан айында 101 жасқа толады. Ол 579-шы атқыштар полкінің құрамында автоматшы ретінде милитаристік Жапонияға қарсы әскери қимылдарға қатысты.

    Жауынгерлік ерлігі мен еңбектегі жетістіктері үшін Михаил Головатюк ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ленин орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

    Іс-шара барысында әскери қызметшілер мен мектеп оқушылары ардагерлерге шынайы алғыстарын білдіріп, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тіледі.

    Өз кезегінде майдангерлер жүріп өткен жауынгерлік жолы мен бастан кешкен қиындықтары туралы естеліктерін айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін берді. Ардагерлер жастарды бейбітшілікті бағалауға және Отанға қызмет ету жолындағы игі дәстүрлерді лайықты жалғастыруға шақырды.

    Түркістандағы 99210 әскери бөлімінің жеке құрамы Ауған соғысының ардагері Сапарбек Пазылбековтің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Әскери бөлім командирі полковник Талғат Мәжімбеков жауынгерлік дәстүрлерді сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда аға буынның тәжірибесі маңызды екенін атап өтті.

    Өз кезегінде Сапарбек Жандарбекұлы әскери қызметшілерге көрсеткен қамқорлығы мен құрметі үшін алғысын білдіріп, оларға қызметте табыс, отбасыларына амандық және ашық аспан тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі" жаңалықтары