
19 қыркүйекте таң сәріден Тимирязево ауылының көшелері жандана түсті. Ауылдың бейжай қарамайтын тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы мен Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған сенбілікке бір кісідей атсалысты.
Қолдарында – қолғап, сыпырғыш, күрек. Ал жүректерінде туған ауылды таза, жайлы әрі көрікті етуге деген ізгі ниет бар.
Бұл игі бастамадан Тимирязево аудандық мәслихаты аппаратының ұжымы да шет қалған жоқ.
Аудандық мәслихат төрайымы А.С. Асанова ауылды көгалдандыру жұмысына қатысып, қарағай көшеттерін отырғызды. Әрбір отырғызылған ағаштың өзіндік мәні бар. Бұл – болашаққа деген қамқорлық, жасыл желегі жайқалып, Тимирязево тұрғындарын қуантарына деген үміт.
Мәслихат аппаратының қызметкерлері орталық алаңда өздеріне бекітілген аумақты да ретке келтірді: қоқыстарды жинап, гүлзарларды абаттандырып, айналаны тазалады.
Бір қарағанда, бұл – күнделікті атқарылатын қарапайым жұмыс. Алайда туған ауылдың келбеті дәл осындай шағын да ізгі істерден қалыптасады. Таза көшелерден, ұқыпты аулалардан, отырғызылған ағаштардан және қоршаған ортаға бейжай қарамайтын жандардан құралады.
Бүгін отырғызылған қарағайлар тамыры тереңге бойлап, мықты да көрікті болып өссін! Жылдан-жылға күш алып, туған өлкенің ажырамас көркіне айналсын. Тимирязево көркейе берсін, ал туған жерге қамқорлықпен қараудың игі дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.







