
Цифрландыру жылы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алу сапасы мен қолайлылығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыруда.
Бірыңғай электрондық кезек талондарын брондау бойынша пилоттық жоба 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылып, республика бойынша ХҚКО бөлімдерінде кезең-кезеңімен енгізілді. Қазіргі уақытта пилоттық жобаның кезекті кезеңі басталып, ол қосымша 5 ХҚКО бөлімін қамтиды. Олардың қатарында - Абай облысы Мақаншы ауданының, Ақмола облысы Шортанды және Жақсы аудандарының, Атырау облысы Исатай ауданының, сондай-ақ Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының бөлімдері бар. Жаңа бөлімдерді есепке алғанда, ҚР бойынша пилоттық жоба қатысушыларының жалпы саны 39 фронт-офисті құрайды.
Жаңа жоба шеңберінде азаматтар ХҚКО бөлімдерінде мемлекеттік қызметтерді алу үшін кезекті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала брондауы қажет. Брондау барысында өтініш беруші өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдай алады. Қызмет көрсету орталығына келіп, талон алу барысында жүйе өтініш берушінің жеңілдік санатына жататынын автоматты түрде анықтап, оған қызмет көрсетуде басымдық береді.
Бұл ретте дайын құжаттарды беру, өзін-өзі қызмет көрсету секторының жұмысы, сондай-ақ құжаттандыру желісі бойынша қызметтер бұрынғы тәртіппен, талонды алдын ала брондаусыз жүзеге асырылады.
Бұл ретте, жаңа бөлімдерді қосу арқылы пилоттық жобаны кеңейтудің соңғы кезеңі жүзеге асырылады. Пилоттық жоба жаңа сервистің азаматтар үшін қолайлылығын және оның практикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.









