Бұлақ суынан – нарыққа: Қордайда балық шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілуде

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Бұлақ суынан – нарыққа: Қордайда балық шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілуде

    Қордай ауданының Сортөбе ауылдық округінде балық шаруашылығы қарқын алып келеді. Табиғи су көзінің қолайлылығын тиімді пайдаланған кәсіпкерлер форель өсіруді жолға қойып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және болашақта толыққанды балық кластерін қалыптастыруға ниетті. Бүгінде мұнда екі ірі кәсіпорын – «Korday Fish» және «Taraz Eko Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді.

    Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанлоның айтуынша, өңірде балық шаруашылығын дамытуға қажетті табиғи мүмкіндік те, кәсіпкерлік бастама да бар. Екі кәсіпорын да өңірлік Индустрияландыру картасына енгізіліп, өндірісті кеңейту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік алған.

    Саланың негізгі бағыты – форель өсіру. Соның ішінде «Korday Fish» серіктестігі кемпірқосақ және янтарь форелін өсірумен айналысады.

    Кәсіпорынды Рамазан Харсанов басқарады. Шаруашылық ағынды су айдынының жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы төрт гектарға жуық. Мұндағы ең басты артықшылықтың бірі – өндірісте бұлақ суының пайдаланылуы. Табиғи таза әрі үздіксіз су көзі форель өсіруге қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

    Кәсіпорын аумағында он бассейн бар. Өндірістік қуаты жылына 300 тоннаға дейін тауарлы балық өндіруге мүмкіндік береді. Биыл шаруашылықта шамамен 180 тонна балық өсіру жоспарланған.

    Өндірісті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – жеке инкубациялық цехтың іске қосылуы. 2022 жылы кәсіпорында шабақты өздігінен өсіруге арналған кешеннің құрылысы басталған. Бұл өз кезегінде сырттан шабақ сатып алуға тәуелділікті азайтып, өндірістің тұрақтылығын арттыруға жол ашты.

    Кәсіпорын өндіріс көлемін арттырумен қатар, балық шаруашылығын туризммен ұштастыруға да ден қойып отыр. Форель шаруашылығының жанынан «Алтын балық» демалыс аймағы ашылған. Мұнда табиғат аясындағы демалыс жергілікті кәсіпорында өндірілген өнімнен дәм татумен үйлеседі.

    Су үстіне шатыры бар 24 терраса орнатылған. Келушілерге шаруашылықта өсірілген экологиялық таза форель арнайы дайындалып ұсынылады. Осылайша өндірістік нысан біртіндеп тұрғындар мен аудан қонақтары жиі баратын демалыс орнына айналып келеді.

    Екінші ірі жоба – «Taraz Eko Fish» серіктестігі. Мұнда норвегиялық және кемпірқосақ форелін, сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтарды өсіру қолға алынған. Жоба 2022 жылы басталып, қазіргі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаты 50 тонна балық өнімін құрайды.

    Шаруашылық шамамен бес гектар аумақта орналасқан. Мұнда 31 бассейн жабдықталған. Алғашқы кезеңде Алматы қаласынан 70 мыңға жуық шабақ әкелініп, бассейндерге жіберілген. Кейін өндірістік көлемді ұлғайту мақсатында тағы бірнеше ондаған мың шабақ жеткізілген.

    Кәсіпорын басшысы Харсан Буларов өндірісті бастамас бұрын сала мамандарын тартып, тәжірибелі шаруашылықтардың жұмысымен танысып, су айдынын таңдауға, жем мен қажетті жабдықтарды анықтауға ерекше мән берген.

    «Бұл іске қомақты қаржы салып жатырмыз, ұсақ-түйекке үнемдемейміз, өйткені тауарымыздың сапалы болғанын қалаймыз. Жем таңдауға мұқият қараймыз және тек тексерілген жеткізушілермен жұмыс істейміз», – дейді кәсіпорын өкілі.

    Бүгінде «Taraz Eko Fish» өнімдері жергілікті нарықта сатылып қана қоймай, Алматы қаласына да жеткізіледі. Өнімді тасымалдау кезінде сапасын сақтау үшін шокты тоңазыту әдісі қолданылады. Ал салқындатылған балық арнайы көлікпен сауда орындарына жеткізіледі.

    Кәсіпорында қазіргі таңда екі адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде жұмысшылар саны оннан асады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болған жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашу да жоспарланып отыр.

    Серіктестік үшін алдағы кезеңдегі негізгі мақсаттардың бірі – өндірістің барлық кезеңін бір жүйеге біріктіретін толыққанды балық кластерін құру. Яғни инкубациялау, шабақ өсіру, тауарлы балық өндіру, аулау және өнімді қайта өңдеу бағыттарын бір өндірістік тізбекке біріктіру көзделуде.

    Сонымен қатар кәсіпорын болашақта жеке аналық балық табынын қалыптастырып, ұрықтандырылған уылдырық пен меншікті шабақ өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өндірістің сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін азайтып, шаруашылықтың технологиялық мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

    Сортөбе ауылдық округіндегі бұл жобалар балық шаруашылығының жай ғана ауыл шаруашылығының бір бағыты емес, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастыратын экономикалық секторға айналып келе жатқанын көрсетеді.

    Табиғи су көзінің болуы, заманауи технологияларды енгізу, кәсіпкерлердің инвестициялық бастамасы және мемлекеттік қолдау – саланың дамуына берік негіз болып отыр.

    Бұлақтан бастау алған таза су бассейндерге құйылып, онда өсірілген балық өңделіп, тұтынушы дастарханына жол тартады. Осы өндірістік тізбектің әр кезеңінде жергілікті тұрғындардың еңбегі жатыр.

    Алдағы уақытта жобалар жоспарлы түрде жүзеге асып, өндірістік қуат артса, Сортөбе ауылдық округі Қордай ауданындағы балық шаруашылығының негізгі орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және нарықты жергілікті өндірістің сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары