Маңғыстау облысында цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қаралды

    Маңғыстау облысында цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қаралды

    Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тең төрағалығымен өңірдің цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект технологияларын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

    Жиын барысында өңірдің цифрлық дамуының негізгі бағыттары қаралып, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру, мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және инновациялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

    Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Малик Әбдіқадыров баяндама жасады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының геоақпараттық порталы жаңғыртылып, мемлекеттік басқару жүйесіне ұшқышсыз ұшу аппараттарының технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Сонымен қатар Mangystau Hub базасында жасанды интеллект, бағдарламалау, робототехника және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша мамандар даярланып, мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыруға бағытталған оқыту жұмыстары жүргізілуде.

    Кеңесте өңірдің цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға басымдық берілді. Атап айтқанда, өңірлік ахуалдық орталық базасында бірыңғай цифрлық басқару платформасын құру, Data Lake платформасын қалыптастыру, 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын жетілдіру, интеллектуалды бейнемониторинг жүйесін кеңейту және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

    Облыс әкімі цифрлық трансформация мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор екенін атап өтті.

    – Мемлекет басшысының цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын сапалы орындау – біз үшін басым міндет. Біз заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, интеллектуалды басқару жүйелерін дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырамыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.



    Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жаслан Мәдиев Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» және «Киберқауіпсіздік туралы» заңдардың нормаларын тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, мемлекеттік органдар қызметіне жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жаңғырту қажеттігін атап өтті.

    Кеңес қорытындысы бойынша цифрлық жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруға бағытталған нақты тапсырмалар беріліп, өңірдің цифрлық трансформациясын жеделдетудің басым бағыттары айқындалды.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары