
Алматы – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызы Астана-1 станциясына келіп тоқтаған сәтте көліктегі полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері вагондарда жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді. Оған кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологтары да қызметтік иттерімен бірге қатысты.
Айтулы рейд "Заң мен Тәртіп" қағидасын іске асыру, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау, жою және тыйым салынған есірткі заттарын тасымалдау, өткізу фактілеріне тосқауыл қоюға бағытталған "Қарасора – 2026" жалпыреспубликалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілді.
Пойыз тоқтап тұрған кезде көлік полицейлері кинологтармен бірлесіп бірнеше вагондарды, жүк бөлімдері мен ортақ пайдаланылатын орындарды тексерді. Тыйым салынған заттарды анықтауға баса назар аударылды. Жолаушылар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлер азаматтарға есірткіні тұтыну мен таратудың зардаптары туралы айтып, қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді және тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау және өткізу үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік жөнінде еске салды. Сонымен қатар жолаушыларға есірткі қылмысына тартылу белгілерін қалай анықтауға болатыны және күмәнді жағдайлар анықталған кезде қайда жүгіну қажеттігі туралы ұсынымдар қамтылған ақпараттық жадынамалар таратылды.
Кинологтардың жұмысы әдеттегідей жолаушылардың зор қызығушылығын тудырды. Көпшілік қызметтік иттердің қимылын бақылап, олардың даярлығы мен қызмет ерекшеліктері туралы сұрақтар қойды. Азаматтар жол үстінде жүргізілетін осындай профилактикалық жұмыстардың қауіпсіздік деңгейін арттыратындығын және есірткі қылмыстарына төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететінін айтып, өз ризашылықтарын жеткізді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл тек тексеру ғана емес, сонымен бірге азаматтармен бетпе-бет тілдесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап беруге және көліктегі қауіпсіздік әрбір адамның жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін тағы да бір еске салуға мүмкіндік береді.
– "Қарасора – 2026 ЖПІШ аясындағы профилактикалық жұмыстар ел аумағындағы барлық әуежайларда, теміржол вокзалдары мен жолаушылар пойыздарында күнсайын жүргізілуде. Басты мақсат – есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаудың жолын кесу және есірткі қылмыстарының алдын алу, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Шалқар Бейсебеков.
Оның айтуынша, аталғаніс-шара басталғаннан бері көліктегі ПД-да есірткіге қатысты 58 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде сақтаудың – 2, өткізудің – 11, контрабанданың 3 фактісі, сонымен қатар құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 3 фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 168 келіге жуық түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Мәселен, жедел-профилактикалық іс-шара барысында теміржол өткелінде Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Тексеру кезінде одан 103 келіден астам қарасора өсімдігі тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Көлік полициясы азаматтарды барынша қырағылық танытуға, есірткінің заңсыз айналымына қатысты оқиғаларға бейжай қарамауға және олар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады. Тек бірлескен ықпалдастықтың арқасында ғана көліктегі қауіпсіз ортаны қамтамасыз етіп, есірткінің таралуына тосқауыл қоюға болады.







