
Елордадағы “Жастар” сарайында “STUDENT UNITY: жүйелі көшбасшылық” жобасы аясында “Қазақстанның болашағы: Интеллект, Экология, Тәртіп” тақырыбында қалалық студенттер форумы өтті.
Форум жұмысына елорданың жоғары оқу орындарынан 500-ге жуық студент қатысты. Іс-шара барысында жастар интеллектуалдық әлеуетті дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық тәртіп мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға бағытталған баяндамалары мен инновациялық жобаларын таныстырды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері қатарында елордалық полиция қызметкерлері де қатысты. Өз сөздерінде полицейлер жоғары оқу орындарында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудың бірыңғай жүйесін құру жөніндегі бастаманы таныстырды.
Ұсынылып отырған тәсіл тек бір реттік профилактикалық дәрістер өткізумен шектелмей, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді. Бұл ретте тәуекел факторлары, студенттік ортаның ерекшеліктері және жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының заманауи тәсілдері ескеріледі.
Полицияның профилактикалық жұмысы біртіндеп мазмұнды әрі нысаналы сипатқа ие болуда. Біздің міндетіміз – жас адамға қылмыстық жауапкершілік пен есірткіні қолдану және тарату салдарының бар екенін түсіндірумен ғана шектелмей, тәуекелді мінез-құлықтың себептерін түсіну, дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыруға және деструктивті ықпалдарға қарсы тұруға көмектесу.
Бастама аясында жоғары оқу орындарының әкімшіліктерімен, оқытушылармен, психологтармен, ата-аналар қауымдастығымен және студенттердің өздерімен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлу ұсынылады.
Профилактикалық жүйе ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, тәуекел факторларын анықтауды, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуды және дер кезінде көмекке жүгінуге мүмкіндік беретін байланыс арналарын қалыптастыруды қамтиды деп жоспарлануда.
Тиімді профилактика бір ғана ведомствоның күшімен жүзеге аспайды. Бұл жұмыста білім беру жүйесі, отбасы, психологтар қауымы, қоғамдық ұйымдар және жастардың өздері маңызды рөл атқарады.
Мұндай студенттік форумдарды өткізу өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, жастарды қауіпсіз әрі жауапты ортаны қалыптастыруға тартуға мүмкіндік береді. Бұл ортада әрбір қатысушы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігіне айналады.









