
«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған шарада өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, өңірлік брендтері, ІТ және жасанды интеллект бағытындағы жобалары бір алаңға жинақталды. Өңір әкімдігінің қолдауымен өткен жәрмеңкенің салтанатты ашылуына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысты.
Көрме-жәрмеңкеде сатылымға барлығы 842 туынды шығарылды. Оның ішінде өңір шеберлерінің 772 қолөнер туындысы мен Семей суретшілерінің 70 картинасы бар. Көрмедегі ең қымбат туынды – Абай облысының жетекші қылқалам шеберлерінің бірі Виктор Шмидттің «Рақмет және кешір» картинасы. Бағасы 2 560 000 теңге болатын шығарма мәңгілік адамгершілік құндылықтарды арқау етеді. Суретші өз туындысы арқылы алғыс айта білу, кешірім сұрау және кешіре білудің маңызын алға тартып, осы қасиеттердің адам бойындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін көркем тілмен бейнелейді.









