ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

    ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
    Түркістанда облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті. Жиында мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара әріптестік орнату, Орталық кеңесінің төрағасы Әбдіғали Құсайыновтың «Даналық формуласы» мақаласы мен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» құжаты жобасын іске асыру, сондай-ақ аудандардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының рөлін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
    Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, басқарма басшылары, облыстық «Жастар» орталығының басшысы, салалық ардагерлер кеңестерінің жетекшілері және аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары және бастауыш ардагерлер ұйымдарының басшылары онлайн платформада қатысты.
    Өңірде 562 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 154 мыңнан астам ардагер бар. Мақтаарал ауданында 10 520 ардагер тіркелген, олар 11 ғана бастауыш ардагерлер ұйымына біріктірілген. Бұл бір ұйымға орта есеппен мыңға жуық ардагерден келетінін көрсетеді.
    Жиында ардагерлер ұйымдардың жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін жеке кабинеттер қарастыру, материалдық-техникалық базасын нығайту және әдістемелік қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Сонымен қатар зейнетке шыққан азаматтарды ардагерлер қатарына тарту, бастауыш ұйымдардың санын арттыру және олардың қызметін жүйелеу жөнінде ұсыныстар айтылды.
    Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу жөніндегі бастамаларына тоқталды. Сонымен қатар жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің маңызы зор екенін атап өтті. Түркістанның қазақ руханиятының алтын бесігі екенін айтып, өңірде жастар саясаты, рухани-мәдени жобалар, тарихи мұраны дәріптеу және патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін жеткізді. Аталған бастамалар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, үлкенге құрмет пен елге қызмет ету құндылықтарын нығайтуға ықпал ететінін айтып, бұл жұмыстарға облыс әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
    Бүгінде облыста ардагерлер ұйымдарының бастамасымен білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде жастардың тарихи-мәдени санасын қалыптастыруға бағытталған келелі кездесулер тұрақты өткізіліп келеді.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары