
Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес саланы дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 8,6 млрд кВт·сағатқа жетіп, бұл еліміздегі электр энергиясы өндірісінің жалпы көлемінің 7%-ын құрады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы ЖЭК объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 5,11 млрд кВт·сағатты құраса, оның елдің жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі 4,5% деңгейінде болды. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы белгіленген межеден асыра орындалды: жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өсті.
Қол жеткізілген нәтижелер «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды. Өсімнің негізгі факторлары қатарында жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтарды өткізу, салаға инвестициялар тарту, сондай-ақ жаңартылатын энергетика объектілерін пайдалануға беру бар.
2025 жылы жалпы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия көзі нысаны пайдалануға берілді. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 ЖЭК жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 жел электр станциясын, 5 күн электр станциясын және 1 су электр станциясын пайдалануға беру көзделген.









