
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шет ауданындағы Мойынты станциясының теміржол вокзалы толығымен жаңартылды. Бұл жұмысты «ҚТЖ» компаниясы теміржол инфрақұрылымын модернизациялау бағдарламасы бойынша жүзеге асырды.
1936 жылы салынған, ауданы 778,5 шаршы метрді құрайтын тарихи вокзал ғимараты, іргелес аумақ пен екі жолаушылар платформасы толық модернизациядан өтті.
Күту залдары заманауи желдету және ауа баптау жүйелерімен, жаңа жиһаздармен және ақпараттық стендтермен жабдықталды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы жолаушыларға арналған жеке күту бөлмелері мен бейімделген санитарлық тораптар әзірленді.
Заманауи дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі орнатылып, перрон жарығы жаңартылды, қызметкерлерге арналған бөлмелер ретке келтірілді.
Аудан әкімінің орынбасары Қ. Садықов инфрақұрылымды жаңартуға үлес қосқан мамандарға алғыс білдіріп, құттықтауын жеткізді.
Тәулігіне 34 жолаушылар пойызын қабылдайтын Мойынты станциясы халыққа заманауи талапқа сай қызмет көрсетуге толық дайын.







