
Зымыран әскерлері мен артиллерия Құрлық әскерлерінің құрамына кіреді және қарсыластың атыс құралдарын, әскери техникасы мен жеке құрамын жою, қорғаныс құрылыстарын қирату, сондай-ақ жалпыәскери бөлімшелер мен құрамаларды атыспен қолдау міндеттерін орындайды.
Артиллерияның қазіргі заманғы жауынгерлік мүмкіндіктері барлау мақсатындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарын, автоматтандырылған басқару жүйелерін және жаңғыртылған қару-жарақ үлгілерін қолдану арқылы кеңейіп келеді. ҰҰА нысаналарды жедел анықтап, олар туралы деректерді беруді қамтамасыз етеді, ал автоматтандырылған басқару жүйелері ақпарат алынған сәттен бастап атыс міндетін орындауға дейінгі уақытты қысқартады.
Атыс дәлдігі топогеодезиялық, метеорологиялық және баллистикалық қамтамасыз ету жүйелері арқылы да қамтамасыз етіледі. Бұл құралдар атыс позициялары мен нысаналардың координаттарын, метеорологиялық жағдайлар мен баллистикалық өлшемдерін
атыс міндеттерін дайындау және орындау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Зымыран әскерлері мен артиллерия мамандарын даярлау бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Құрлық әскерлерінің әскери институты жыл сайын 60-қа дейін артиллерист-офицерді даярлап шығарады. Оперативтік-тактикалық деңгейдегі офицерлерді даярлау Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде жүргізіледі.
Әскери даярлықтан өткен резерв, соның ішінде, Қарағанды техникалық университеті мен Satbayev University әскери кафедраларын бітірген түлектер есебінен қалыптастырылады. Сержанттар құрамын даярлау әскери колледжде, ал артиллериялық және минометтік есептоптарға арналған кіші мамандарды дайындау Құрлық әскерлерінің оқу орталығында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Зымыран әскерлері мен артиллериясының қалыптасуы мен дамуына генералдар Лут Альчекенов, Асқар Жоламанов, Руслан Шпекбаев, полковниктер Михаил Шлейко, Дәурен Есқожин, Николай Мисюра, Виктор Кашоид, Александр Тепляков, Анвар Өзбеков және Ғиниятқали Шалабаев елеулі үлес қосты.









