
Ағымдағы жылғы 31 шілдеде Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, халыққа қызмет көрсету салаларының қызметшілерін ынталандыру мақсатында Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық конкурсы өтті.
Байқауға қатысқан үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, әдiл бағасын беретiн қазылар алқасының құрамына: Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің оқытушысы, PhD докторы, қауымдастырылған профессоры, қазылар алқасының төрағасы Ж.Сағынтаева, «Ертіс медиа» ЖШС-нің директорының орынбасары, қазылар алқасының мүшесі Р.Сыбанжанова, Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың басшысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, қазылар алқасының мүшесі А.Хонж шақырылды.
Конкурсқа қызмет көрсету саласының өкілдерінен құралған 5 команда қатысты. Олар конкурс барысында түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау кезінде өздерінің әртістік, тапқырлық қабілеттерін, сонымен қатар кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аудару қабілеттерін көрсетіп, ситуациялық жағдайдан шығуда шығармашылық шеберліктерін танытты.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар шешімімен І орынға «Евро Дент» командасы («Evro Dental clinic» тіс емханасы), ІІ орынға «Qazpost» командасы («Қазпошта» АҚ) және ІІІ орынға «Жарықшылар» командасы ( Павлодар Электржелiстiк тарату компаниясы ) лайықты деп танылды.
Сонымен қатар «Отбасы банкі» («Отбасы банкі» АҚ) және «Шаңырақ» командасы ( “ПарасатPro” типографиясы ) аталған байқауға белсенді қатысқандары үшін арнайы номинацияларға ие болды.
«Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.








